Құқық қорғау органдары

Есірткіге қарсы күрес

 

 

 

 

Нашақорлардың тілінде “қолтырауын” деп аталып кеткен дезомарфин қолжетімді ең қауіпті есірткі саналады. Ине арқылы егілетін  есірткінің 5 адамға жететін дозасын үйдің ішінде қолда бар заттардан мың теңгеге әзірлеуге болады екен. Тәртіп сақшылары мамыр айының соңғы күндерінде ғана осындай есірткі жасалатын 3 орынды анықтапты.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД МТ және АБ бастығы:

– Бүгінде тәркіленген қолдан жасалған есірткі заттары Астана қаласынның сот-химиялық сараптамасына жіберілді. Затты есірткі деп тапса қылмыстық іс қозғалады және жауапкершілікке тартылады осыны дайындаған азаматтар мен нашақорлар.

Жедел мәліметтер бойынша дезоморфин есірткісіне деген әуестік өткен жылдың күз айында пайда болған. Бұрындары есірткі саудагерін іздеген нашақорлар енді дүкендер мен дәріханаларды жағалауда.

Жұмажан Мұқатанов, СҚО ІІД ЕБҚКБ бастығы:
– Бензин, күкірт, йод, ыдыс жуатын химиялық заттар мен құрамында кодеині бар еркін сатылатын дәрілерді араластырудың нәтижесінде химиялық реакция туады. Сол қышқылды өзге есірткі заттарымен алмастырған нашақорлардың саны артып отыр. Бір сөзбен айтқанда оңай жолмен өздерін өлімге кесіп отыр.

Бұндай қышқылдар қосындысымен ағзасын улаған адамның бауыры, бүйрегі, миы жұмыс істеуден қалады екен. Әрі кеткенде иммундық жүйесі аурулармен күресу қасиетінен айырылады. Мұндай адам әрі кеткенде екі жыл ғана өмір сүреді.

Галина Андреева:
– Адамның терісі құрғап, қолтырауындікіндей жасыл түске айналады. Адам іштен шіри бастайды. Ондайларға ем қону екіталай. Миы кеуіп, сау ойдан мүлдем қалады. Биылдың өзінде 16 адам осының кесірінен өмірмен қоштасты. Ең өкініштісі, көбі әлі өмірді көріп үлгермеген жастар.   

Бүгінгі қоғам бұл қатерлі дертпен күресуде қауқарсыз болып тұр. Өйткені зиянды қоспаны әзірлейтін заттар кез-келген дүкен мен дәріханада еркін сатылады. Мәселен, жыл басынан ғана өңірімізде дезоморфин әзірлеуге жарайтын 1,5 миллион дәрі-дәрмек сатылыпты. Ал оның қай бағытта пайдаланылатыны тексерілмейді де. Сондықтан баспасөз мәслихатына қатысушылар әсіресе дәрі таратуды бақылау керектігін айтады. Жалпы жыл басынан облыс полицейлері заңсыз айналымнан 200 келіге жуық есірткі заттарын тәркілепті. Оның 220 грамы героин. Есірткі бизнесіне қатысты 121 қылмыстық іс қозғалып,  64 адам жауапқа тартылған.

Жеңіс Ермұқанов