ТКШ

Екі жылдан бері бітпей жатқан жөндеу көлік қозғалысына бөгет жасауда

 

 
 

 

 

Интернационал көшесінің бойындағы жөндеу жұмыстары осымен 2 жыл бойы жалғасуда. Бұл жағдай, әсіресе, қоғамдық көліктердің қозғалысына кедергі келтіріп отыр. №1 троллейбустың жүргізушісі Валентина Мартынова жолдарды қалпына келтіру жұмыстарының уақытында аяқталмағандығы қозғалысты бәсеңдетіп отыр дейді.

Валентина Мартынова, троллейбус жүргізушісі:
– Көшедегі жағдай әбден қажытты. Жүйке жүйеме де кері әсерін тигізеді десем артық болмас. Күн сайын мұндай кептелісте тұру өте қиын.

Жеңіл көлік жүргізушілері де наразылықтарын білдіруде. Өйткені олар кептеліс салдарынан уақыттарын босқа өткізуге мәжбүр.

Жүргізушілер:

– Жолды адамдар жұмысқа шыққан кезде емес, түнде жөндеу керек деп ойлаймын.
– Егер көліктер дәл қазіргідей ақырын қозғалатын болса, менің үйге ертең жетуім ғажап емес.

Көше бойына құбырлар тартып, жолдарды қалпына келтіру шаруаларын “Рүстем” ЖШС атқаруда. Жоба “Жол картасы” бағдарламасының аясында қаржыландырылады. Жөндеу жұмыстарына қаражат жеткілікті бөлінген. Бірақ істің тыңғылықты нәтижесі көрінетін емес. Бүгін «Нұр Отан» партиясының белсенділері мен жергілікті атқарушы билік өкілдері бірқатар коммуналдық шаруашылық нысандарын аралады. Интернационал көшесіндегі жағдайға байланысты айтылған сын аз болмады..

Николай Черновол, “Нұр Отан” ХДП қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Тексеріс барысында жөндеуге тиісті кәсіпорындардың жауапсыздығы мен жұмысқа деген немқұрайлықтарын көрдік. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының облыстық басқармасына, қалалық бөлімге бұл мәселені қолға алып, қатаң қадағалау керектігін баса айтқым келеді.

Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының өкілдері жөндеу жуық арада аяқталады дейді. Олар жұмысты дер кезінде аяқтауға ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр дегенді алға тартты.

Хасип Сюникаев, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:
– Мамыр айында жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарлаған болатынбыз. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан жұмыс бәсең жүріп жатыр. Сондықтан қазіргі уақытта жоспарланған істі жылдам аяқтау үшін бар күшімізді салудамыз.

Ал әзірге тұрғындарға шыдамдылық танытуға тура келіп отыр.

Инеш Шоқақова