Білім

ҰБТ аяқталды

 

 

 

Ұлттық бірыңғай тестілеудің үшінші күнінде 549 түлек тест тапсырды. Халықаралық және республикалық олимпиадаларда  жеңіске жеткен 21 оқушы мемлекеттік емтиханнан босатылған.

ҰБТ- дің түлектер үшін аса жауапты сынақ екені даусыз. Мектепте он бір жыл бойы алған білімдері таразыға түсетін уақыт, үлкен өмірге қанат қағатын кез. Ал олар іште тест тапсырмаларын орындап жатқан кезде сыртта ата-аналары мен мұғалімдері тағатсыздана күтті.

Қайыркен Қошкенова, № 13 орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі:
– 7 оқушы тапсырып жатыр. Жақсы оқитын оқушылар. Жақсы тапсыруға тиісті деп ойлаймын. Тосып отырмыз ата-аналары, мұғалімдер.

Мемлекеттік емтиханның соңғы күнінде Алтын белгіден үміткер 28 түлек тест тапсырды. Солардың бірі – Асылбек Малыбаев. Ол ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтарына дұрыс жауап беріп, жоғары ұпай жинағанына сенімді.

Асылбек Малыбаев, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының түлегі:
– Ең бірінші кіргенде қобалжыдым. Жақсы тапсырдым деп ойлаймын. 120 баллдың үстінде жинадым деп ойлаймын.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы екі күнінде Алтын белгіден үміткер 81 түлектің 46-сы білімдерін дәлелдеген. Бұл күндері апелляциялық комиссия жұмыс істеді. Түлектерден екі күнде алпыстан артық шағым түскен.

Күлпаш Қалғожина, СҚО білім басқармасының бөлім бастығы:
– ҰБТ бірінші күнінен кейін 51 өтініш түсті. 13-і республикалық комиссияға тапсырылды. Оның 6-ы қанағаттандырылды. Екінші күні Қызылжар , Мамлют, Аққайың аудандарының түлектері тапсырды. Апелляциялық комиссияға 13 өтініш түсті. Біреуі қанағаттандырылды.

Мемлекеттік емтиханның үшінші күнінен кейін де апелляциялық комиссияға шағым беретіндер табылмақ.

Инеш Сәбитова, Мағжан Жұмабаев атындағы колледж жанындағы лицей түлегі:
– Математикадан бір есепте жауабында сәйкессіздік болды. Егер жауабы қате болып шықса, апелляцияға беремін деп ойлаймын.

Әзірге 125 ұпайды бір ғана оқушы  Шалақын ауданы Кривощеков орта мектебінің түлегі Айдана Қайырова ғана жинаған. Дегенмен мұғалімдер үміттерін үзбей отыр. Олар мемлекеттік емтиханның соңғы күнінің қорытындысы бойынша тағы да ең жоғары нәтижеге қол жеткізетіндер болады дейді.

Айымгүл Әбілева