Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО делегациясының Израильге сапары

 

 

 

Іскерлік кездесуге облыс ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілері, ірі кәсіпорындар директорлары қатысты. Ал Израиль  тарапынан бизнес-форумда өз тәжірибелерімен ауыл шаруашылығы саласында жаңа технологияларды әзірлеумен айналысатын жетекші аграрлық зерттеу институттарының ғалымдары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бөлісті. Форум жұмысын ҚР Израильдегі елшісі Ғалым Оразбақов пен Израиль экспорт және халықаралық әріптестік институтының агротехнологиялар департаментінің директоры Кираити мырза ашты. Жиында облыс әкімі Серік Біләлов те сөз алып, форумға қатысушыларды өңіріміздің экономикалық әлеуеті, қолға алынған инвестициялық жобалармен таныстырды. Бүгінгі таңда екіжақты жемісті әріптестік орнатуға мүмкіндік мол.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Қазақстан мен Израиль арасында достық пен ынтымақтастық қарым-қатынас көп жылдардан бері жалғасып келеді. Көптеген салада тығыз әріптестік байланыс орнаған. СҚО да израильдік компаниялармен бірнеше жылдан бері қоян-қолтық жұмыс жасап келеді. Мәселен, 2008-2010 жылдары облыстың сыртқы тауар айналымы 2,6 млрд, АҚШ долларын құраса, оның 28 пайызы Израильдің үлесінде. Іскерлік форум екіжақты қарым-қатынастың нығая түсуіне серпін беріп, жемісті жұмыс атқарамыз деген сенімдемін.

Сонымен қатар солтүстікқазақстандықтар израильдіктерге біздің облыс жөнінде фильм ұсынды. Өңіріміздің зор әлеуеті израильдіктердің қызығушылығын тудырды. Олар Қазақстанды   тұрақты түрде дамып келетін, мүмкіндіктері орасан мемлекет ретінде таниды. Форумда израильдік тарап әр алуан жобаларды ұсынды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін кәсіпорындар қызығушылық туғызды. Кездесуде бірлескен жобаларды қолға алу жағы айтылды. Бұл ретте екіжақты әріптестік қарым-қатынас орнату мүмкіндігі зор. Өйткені біздің елдердің ауыл шаруашылығы саласында ұқсастықтары мол.  Форумда Израильдің сүт-тауар фермалары, құс және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарының жетекшілері сөз алды. Израиль алқаптарында қолданылатын тамшылап суару технологиясы жөнінде “НаанДан Джейн» компаниясының өкілдері әңгімеледі. Израиль үшін бұл мәселені шешудің оңтайлы жолы болып табылады. Өйткені аталған мемлекеттің алпыс пайыз аумағы шөлді жерлер. Бұл технология біздің облыста да қолданылады. Өткен жылғы қуаңшылыққа байланысты тамшылап суару жүйесін өңірімізде әрі қарай дамыту көзделіп отыр. Біздің делегация мүшелерінің айтуынша, облыста алдағы уақытта жеміс-көкөніс өсірумен айналысатын кәсіпорындар қатары артпақ.  Форум нәтижесі бойынша қазақстандық және израильдік тарап өкілдерінің арасында ауыл шаруашылығы саласында екіжақты әріптестік жөнінде келісім жасалды. Сөйтіп, көп ұзамай СҚО-да жаңа жылыжайлар, құс фабрикалары, биодизель өндіретін кәсіпорындар пайда болмақ.
Сонымен қатар медицина жүйесінде де ынтымақтастық қарым-қатынас жолға қойылуы мүмкін. Израильдік дәрігерлер Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек көрсетеді деп жоспарланып отыр.

 Айымгүл Әбілева