ТЖ

Орман өрті азайды

 

2 га орман алқабын жайлаған өрт «Қызылжар» мемлекеттік мекемесінің аумағында болды. Дәл Жұмысшы кентінің маңында шыққан от дер кезінде ауыздықталып, кең таралуына мүмкіндік берілмеді. Сонымен қатар  орман қоры учаскелеріне іргелес аумақтарда 47 жану фактісі тіркелгенімен, тілсіз жау уақытында ауыздықталған.

Марат Қасенов, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Орман маңына жақын жердегі оттың тұтануы Мамлют ауданында жиі тіркелді.
Мұнда жанудың 14 фактісі орын алды. Сонымен қатар Қызылжар ауданында 13, Мағжан Жұмабаев пен Аққайың аудандарында сәйкесінше  – 5 және 4 от шығу жағдайы тіркелді. Негізінен қала маңында адамдар көп демалысқа шығады. Өткен жылы 932 га аумақта 44 орман өрті тіркелген болатын.
 

Көктемнің жаңбырлы болғанымен қоса  көрсеткіштердің жақсаруына алдын алу шаралары мен техникалық қамсыздандыру септессе керек. Жазғұтырым ормандарды айнала 3 мың шақырым бойында минералдандырылған алқаптар жасалыпты. Тағы 7 мың шақырым минералданған жолақтар күтіп-баптаудан өтті. Өрт қауіпті кезеңде үнемі патрульдік кезекшілік жүргізілді.

Марат Қасенов, СҚО табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
– Обл
ыс әкімі Серік Біләлов бірінші рет осы біздің шаруашылыққа 80 млн теңге ақша берді. Сол ақшаға бізге апрель айында 27 көлік УАЗ, 17 Беларусь трактор, 1 өрт сөндіру машинасы берілді. Ол үлкен көмек болды бізге.

Қазіргі таңда облыстың бір тұрғынына шаққанда 0,97 га орманнан келеді екен. Талдау жұмыстарының нәтижесі  орман өрттерінің 33 пайызы халықтың ағаш арасында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан туындағанын көрсетіп отыр. Сонымен қатар  62 пайыз жағдайда өрт ошағы ауыл шаруашылығы алқаптарында қалған сабанды өрттеуден шығады екен. Сондықтан  көк желекті сақтауға тұрғындардың баршасының атсалысқаны абзал.

 Гүлмира Шоқтыбаева