ТКШ

Батпаққа белшеден батқандар

 

Ахременко көшесіндегі 3 –ші  үйге жетудің машақатын тұрғындар қар ерігелі тартып келеді. Онсыз да тас-талқаны шыққан жол соңғы күндері жауған жауыннан кейін мүлде езіліп кеткен. Өткен күзде біреулер жолға қиыршық тас төсеген болыпты. Бірақ ол тастың пайдасынан зияны молырақ болғанға ұқсайды.

Николай Богданов:

Өткен жылы қиыршық тас төсеген. Көлігімнің дөңгелегін жарып алдым. Депутат Мишинге хат жазғанбыз. Хатымызды тіркеді. Бірақ жауап жоқ.

Жалпы бұл үй тұрғындарының қысы-жазы көретін қиындығы жолмен шектелмейді. Күні-түні қарсыдағы локомотив депосы жатақханасының көліктерінен қауіптенумен өмір сүріп келеді. Анығы, осы маңдағы газгольдерден. Жатақхана тұрғындары көліктерін газгольдерге төндіре қояды. Өткен қыста бір көлік осы жерде жанып та кетіпті. Газгольдердің маңына көлік қоюшыларға осы ауданның учаскелік инспекторлары талай хаттама толтырған. Бірақ жайлы орыннан бас тартқандар көрінбейді.

Римма Жолнерчик:

Газгольдердің қасына көліктерін қояды. Осы жерде қыс бойы көліктерін лампамен қыздырып шықты. Бала-шаға үшін де, өзіміздің өміріміз үшін де алаңдаулымыз.

Жол азабын № 8 мектеп ауданының тұрғындары да тартып отыр. Осыдан 20 жыл бұрын мектеп салынғанда Қазахстанская Правда көшесінде асфальт төселген. Бірақ  уақыт өте бұл жерде асфальт дегеннің аты ғана қалған. Жаяу жүргінші түгілі, көлік те жүре алмайды.

 Юрий Дубовик, Қазахстанская правда көшесі, 129 – үй тұрғыны:

Жеңіл көлікпен не әрі , не бері өте алмайсың. Сан рет батып, сан рет осы жерде сөнген кездеріміз болды.

Жолды жөндеуге өздерінше қарекет жасапты. Бірақ одан жағдайдың түзелгені шамалы. Тұрғындар жол жабынын талқандап, қазып тастаған коммуналдық қызметтер дегенді айтады.

Надежда Дубовик, Казахстанская правда көшесі ,129- үй тұрғыны:

– Өзіміздің күшімізбен қиыршық тас әкелдік. Кірпіш сынықтарын төседік. Жөндеуге қосылып ақша жинадық. Бірақ қысы-жазы экскаватор қазады да жатады.  

Үй тұрғындары қалалық әкімдікке бірнеше рет хат жолдапты. Жауап та жоқ, қолға алынған шара да жоқ.

Әсем Рахметова