Мәдениет

Театр маусымы жабылды

 

 

“Абайлаңыз, қалыңдық” мюзиклі қазақ сазды-драма театрының сахнасында алғаш рет осы жылдың сәуір айында ойналған еді. Бұл жанр таңсық болғанымен   көрермендердің жүрегін сол кезден-ақ жаулап алған.
Мюзиклдік мазмұны тартымды. Ауыл тұрғындары жалғыз ұлдары Саламатты көз алдарында өскен сүйікті жиен қызы Зиядаға үйлендірмек болады. Тек осы жерде ата-ана жүрекке әмір жүрмейтінін ескермейді. Балаларын баяғы ата-дәстүр бойынша атастырмақ болып, қолдарынан келгенін жасайды. Ал екі жас болса өз сүйгендеріне қосылғысы келіп, үлкендердің сөзіне құлақ аспайды. Саламат дәрігер мамандығында өзімен бірге оқитын Гүлмираға ғашық. Ал Зияданың көңілі ауылдасы Сапашта. Жиен қыз апасы мен атасын соған тұрмысқа беруге көндіре алмай қиналады. Айту керек, биылғы жыл театр үшін жемісті болған. Бастысы өнер ұжымы жастармен  толығыпты. Солардың бірі таңдағанына қосыла алмай жүрген Зияданың рөлін сомдаушы актриса Бибігүл Байғамова. Ол Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық музыка академиясының драма және кино факультетін бітірген.

Бибігүл Байғамова, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының актрисасы:
– Біз келген соң бір аптадан кейін “Бес бойдаққа бір той” Тынымбай Нұрмағамбетовтың спектакліне, ішінде Жүкетайды, басты рөлді сомдадым.
Содан кейін “Абайлаңыз қалыңдық”. Зияда рөлін ойнадым. Рөлді алғанда қатты қобалжыдым. Бұл басты рөль,  ізденісте болдым.

Алдағы уақытта Бибігүл Байғамова театр ұжымы түгел қатысуға бел буған Екатеринбургта өтетін халықаралық байқауда қойылатын спектакльге де қатыспақ. Бұл барша актерлар үшін маңызды шара.

Біржан Жалғасбаев, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
-Маусым айының 23-26 аралығында Екатеринбург қаласында үлкен халықаралық фестивальға қатысамыз. Оған жас режиссеріміз Болат Әбдірахманов “Ылдиға жол” пьесасын қойып жатыр.
Оны аударған жерлесіміз Зейнолла Әкімжанов ағамыз. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына Сәкен Жүнісовтың “Елім-ай” пьесасын дайындап жатырмыз. Қарағандыға гастрольге барамыз.

Берілген рөлді кімнің қаншалықты ойнағанына көрермен сыншы болды. Өнер сүйер қауым қойылым соңында алған әсерлерімен ғана бөлісіп қоймай, ақ тілектерін де жаудыртты.

 Көрермендер:
Жақсы қойылым. Жақсы дем алдық. Осындай талантты жастар көп болсын. Рухани байлығымыз біраз көтеріліп қалды.
Жақсы болды. Рахмет. Осылай міне жастарымыз гүлдене берсін. Оңды болды. Керемет. Көңілімізді көтеріп қалдық.
Көңілімізден шықты. Қазақ театрының ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. Өнерлері өркендеп өсе берсін.
Ой, жақсы ойнады. Жас актерлар да ұнады. Жастарға осындай спектакль көру керек.

Қойылым соңында театр труппасына өңір басшысының атынан гүл шоғы тарту етілді.

Гүлден Сәрсенбаева