Әр түрлі

Үй жануарларының өлексесі өртеледі

 

 

 

 

 

Петропавлға кіре берістегі оң қақпада ақ қайыңдар мен қарағайлар жайқала өскен Мещан орманы қалалықтардың сүйікті үй жануарларын көметін молаға айналуда. Тоғай арасында 12 жыл бойы иесіне сенімді серік болған Джой төбеті,оның  айналасында Джеси, Боня, Шарик атты иттер көмілген. Ал екінші  бөлік мысықтарға арналыпты. Арнайы белгіленбеген зиратта тіпті теңіз сұр тышқандары да соңғы панасын тауыпты. Көбі сүйікті жануарларының басына өмір сүрген уақыты мен аты жазылған, суреті бар мәрмәр тас қойыпты. Молаларына гүлдер отырғызылып, айналасы қоршалған.

Гүлбарша Құдабаева, Петропавл қалалық аймақтық инспекциясының мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторы:
– Бұл қорғалатын санитарлық аумақ. Сондықтан үй жануарлары заңсыз көмілген. 2001 жылы шыққан арнайы заң да бар. Біріншіден, иесі мысығының не итінің өлімін тіркеп, неден өлгенін болғанын ветеринар дәрігер анықтау керек. Ал мына жердегілердің ондай анықтама қағаздары жоқ.  

Жалпы облыс бойынша мал өлексесін көметін орын қарастырылмаған. Өңіріміздегі жер асты сулары жердің үстіңгі қабатына тым жақын орналасқан екен. Сондықтан көмілген жануар түрлі инфекциялық аурулар таратуы мүмкін. Ондайды болдырмаудың бірден бір жолы жануарды жағу дейді санитар мамандар.

 Ыбрайым Күрпенов, Петропавл қалалық ауыл шаруашылығы, ветеринария және кәсіпкерлік бөлімі бастығының орынбасары:
– Жануарларды көму үшін бізде жағдай жоқ. Біз өзіміз осы пешті сатып алдық. Қалалық бюджеттен бөлінген қаражатқа. Өлген малдар осы пешке салынып жағылып жіберіледі. Бұл енді тазалыққа, санитарлық нормаларды сақтауға өте жақсы. Біздің қалаға осындай жұмыстарды істеуге жетіп жатыр.  

Ресейден 4 млн теңгеге алынған арнайы пешке 500 келі биологиялық зат сияды екен. Пеш жанар-жағармаймен жұмыс істейді. Жоғары температурада жанатын от жарты тоннадан тек бір шелек күл қалдырады. Құрылғы қалалық қатты қалдықтар полигонына орнатылып шілде айынан іске қосылатын болады.

Жеңіс Ермұқанов