Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҰБТ басталды

 

 

 

 

Облысымыздың 3889 оқушысы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысатын болады. Жауапты сынның 1-ші легінде 567 қазақ және 1281 орыс тілді мектепте оқитын түлек білімдерін көрсетті. Тестілеудің алғашқы күні облыс орталығында 20 оқу ошағының 551 шәкіртінің мүмкіндіктері тексерілді. Оларды сын сағатта қолдау үшін ата-аналары мен туған туысқандары келіпті

 Дина Гайсина,  ана:
– Бүгін міне, бірінші балаларымыз ҰБТ-ға кіріп отыр. Бірінші кірген өте қиын. Біз ата-аналар қобалжып тұрмыз. Сәттілік тілейміз. Балаларымыз жақсы береді деп армандаймыз.

Сынаққа әр мектеп ұжымы үлкен жауапкершілікпен қарап, шәкірттерін дайындауда көп еңбектенген. Сондықтан да түлектерін білім нәрімен сусындатқан мұғалімдер оқушыларына зор үміт артып отыр.

Күләш Тоқжанова, №1 орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
– ҰБТ-ға 5 пән бойынша балалар дайындалды. Белсенді дайындалды. Қосымша сабақтар, соңғы жылы өздері таңдаған 5-ші пән бойынша қосымша факультативтер, қосымша сабақтар және өздерінде қандай сұрақтар бар, сол бойынша дайындалды. Кітаптардан, интернеттен қосымша ақпараттар жинақтап белсенді дайындалды.  

Тестілеудің бірінші күнінде 51 Алтын белгіге үміткер білімдерін сарапқа салды. Нәтижесінде 26-сы ғана өз білімін дәлелдеп шығыпты. Қалғандары өздерінің Алтын белгіге лайық екендігін апелляцияда дәлелдемек.

 Күлпаш Қалғожина, білім басқармасының бөлім бастығы:
– Ең жақсы нәтиже көрсеткен Каирова Айдана Кривощеков орта мектебі, Шал ақын ауданының оқушысы. 100-ден артық ұпай жинағандар: № 20 мектептің түлектері, қалалық классикалық гимназия балалары жақсы-жақсы нәтиже көрсетті. 1 лицей, 1 гимназияның оқушылары.

Арман Теміртас 100 ұпай жинапты. Алайда бұдан да биік көрсеткішті бағындырғанына сенетін жеткіншек бүгін шағымдануға келіпті.

Арман Теміртас, №5 орта мектеп түлегі:
– Мен осы апелляцияға келдім. Өйткені менің ойымша мен барлық сұрақтарға дұрыс жауап бердім. Келіп, тағы бірнеше балл алып кетемін деп ойлаймын.

Алдын ала есептеулер бойынша 1-ші күні сынақтан өткен жасөспірімдердің орташа жинаған ұпайы – 87. Әзірге апелляциялық комиссияға 40 оқушыдан шағым түсіпті.

 Айдана Демесінова