Денсаулық сақтау

Біздің қиярдан қауіп жоқ



 

Еуропа елдеріндегі мыңдаған адамның ішек ауруына шалдығуының себептері әлі анықталып жатыр. Әуелгі болжам бойынша инфекцияның ошағы саналған қияр төңірегіндегі әңгіме шығысымен біраз елдер көкөністен бас тартты. Әрине, Еуропадан келетін қиярдан. Қазақстан да қауіпсіздік шараларын күшейткен.

Гүлшарат Қожатова, СҚО СЭҚД бас маманы:

-Бізде негізінен ішкі шекара. Негізгі бақылау кедендік одақтың сыртқы шекарасында күшейтіліп отыр. Қазіргі уақытта облыста шетелден келетін көкөніске бақылау күшейтілді.

Еуропалық қиярды енгізуге Ресей жағы шектеу қойды. Қазақстанға көкөністің бұл түрі шеттен жеткізілмейді де. Базар-дүкендегісі отандық өнім.

Сатушылар:

Қиярымыз Петропавлдікі. Азанда әкелгенбіз. Дәмді, сапалы.
Қияр Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан әкілінді. Ол жақта жылыжайларда өседі. Жазда тұтынушыларымыз да көбейді.  

Тұтынушы қауым да отандық өнімді таңдайды. Әрине, ең сапалысы- бақтан жаңа үзілгені.

 Рудик Согомонян:

-Өзіміздің қиярдан артығы жоқ. Әрқашан жергілікті көкөністі аламыз. Балаларға да қорықпай бере аламыз.

Облысқа оңтүстік өңірлерден үстіміздегі жылғы жаңа өнім де жеткізіліп жатыр. Мамандар аурудан сақ болу үшін көкөніс, жеміс-жидекті жақсылап жуып пайдаланған дұрыс дейді.

Әсем Рахметова