Бизнес және экономика

Еңбек заңнамасын бұзғандар жазаланды

Үстіміздегі жылдың бес айында мемлекеттік еңбек инспекторлары облыстағы 323 кәсіпорынды тексерген. Нәтижесінде 969 заңбұзушылық анықталып, 357 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Тексеріс кезінде қызметкерлердің еңбекақысын уақытында төлеу мәселесіне үлкен мән беріледі. Өңірдегі 76 кәсіпорынның жұмысшыларына қарызы 287 млн. теңгеге жеткен. Жалақыны мерзімінде төлемегені үшін заңды тұлғалардан 7,5 млн. теңге айыппұл өндіріліп алынды.

 Абай Құдабаев, СҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі департаменттің  бөлім бастығы:
– “Фирма Строитель”, “Севимсталькон”, “Қазградстрой”, аэропорт жұмысшыларына жалақыны уақытында төлемейді. Тексеріс жүргіздік, алдағы уақытта да жүргізе беретін боламыз.

Еңбек инспекторлары жұмысшыларға 235 млн. Теңге қарыздың өтелуіне қол жеткізген. Еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамауға қатысты да заңбұзушылықтар тіркелген. Көп ретте жұмыс орындарында арнайы киім, қорғаныс құралдары берілмейді. Тексеріс қорытындысы бойынша олқылықтарды жойғанша бірқатар кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды.

 

Арман Жәлелов, СҚО бойынша бас мемлекеттік еңбек инспекторы:
– “Атносзерно” ЖШС-нің диірмен цехының жұмысы тоқтатылды. Мұнда еңбек қауіпсіздігіне қатысты заң талаптары бұзылған. ” Казградстрой” , “Армкастроитель” серіктестіктерінің де қызметінде де заңбұзушылықтар бар. Жұмабаев көшесіндегі құрылыс тоқтатылды.

Жыл басынан бері облыс кәсіпорындарында 18 жазатайым оқиға тіркелген. Қаза тапқандар жоқ. Өткен жылдың осы кезеңінде 5 адам көз жұмған.

 Айымгүл Әбілева