Мәдениет

Жас суретшілер көрмесі

 

Жүннен жасалған суреттер, гипстен құйылған мүсіндер, фюзинг әдісімен балқытылған кәдесыйлар –  осының барлығы бейнелеу өнері лицейі шәкірттерінің еңбектері. Бұл көрме оқу жылы аяғында арнайы өткізіледі. Оған оқушылардың жыл бойы жасаған тырнақалды туындылары қойылады. Мәселен, лицейдің 12 жастағы шәкірті Кристина Сысолятина көрмеге Жапониядан қола жүлдеге ие болған картинасын әкеліпті.

 Кристина Сысолятина, “ЮНЕСКО клубы” бейнелеу өнері лицейінің оқушысы:
– Мына картина жүннен жасалған. Онда менің мысығым бейнеленген. Аты Снежок. Суретім әдемі шығуы үшін түрлі түстерді қолдандым.

Бұған қоса Кристина тоқыма жіптен де сурет өрнектейді екен. Ол үшін жіптердің қиындысын кілегеймен қатар-қатар жапсырып отырған.
Ал  үй интерьері – Карина Халиулинаның шығармашылық табысы. Ол болашақта дизайнер болғысы келеді. Жақында бойжеткен “Весенняя радуга” байқауында “Учебный натюрморт” туындысы үшін жүлделі орынды еншілеген. Көрменің ашылу салтанатына келген қонақтар жасөспірімдердің  өнерлеріне тәнті болды.

  Жібек Рамазанова:
– Біз жуырда мұғалімдер білімін жетілдіру институтына білімімізді көтеруге келіп едік. Мінекей, топ басшысы бізді мұражайға алып келді. Мұражай өте тамаша. Балалардың еңбектерін көріп, біраз серпіліп қалдық.

Балалар қолымен жасалған бұл еңбектер жазғы демалыс бойы көрменің басты көркі болып тұра бермек.

Гүлден Сәрсенбаева