Денсаулық сақтау

Ынтымақтастық жемісі

 

 

 

Бүгін Айгүл Хуантай 2 жасар Жібегімен бірге аурухана палатасында отыр. Алайда ананың көңілі көтеріңкі. Осыдан  үш күн бұрын  кенжесі күрделі операциядан соң аман қалды. Жібектің жұдырықтай жүрегінде ақаудың бар екенін ана перзентханадан шыққан соң, 3-ші айда естіп-біліпті. Содан бері  қызы үнемі дәрігерлердің қарауында. Сәті түскенде Айгүл сәбиін түмендік дәрігерлердің қолына сеніп тапсырған. Енді міне, бүлдіршіннің жүрегі жаңаша лүпілдей бастады.

Айгүл Хуантай :
– Тегін жасады. Менің 4 балам бар. Ақылы болса, өте алмас едім. Үш баламда бұндай болған емес, міне кенжемде осындай бір ауру болды. Енді бұл ауру жерге кетсін.
 

Кирилл Горбатиков кішкентай пациенттерінің сауыққан жүректерін тыңдап, жағдайларын байқап жүр. Бүгін Түменнен келген бір топ дәрігер қайта елдеріне оралып, өз отандастарына көмектесетін болады. Келесі сапарларын кардиохирургтер қыркүйек айына жоспарлапты.

Кирилл Горбатиков, Түмен кардиохирургия клиникасының бөлім меңгерушісі:
– Бұл жолы 12 балаға ота жасадық. 10 операция ашық жүректе, оның ішінде 4-еуі аса күрделі жағдайда өткенін айту керек. Сонымен қатар қабылдауға келген 200 баланы қарап, 15-іне жедел түрде медициналық көмек көрсету қажеттігі анықталды.
 
Ем алғандардың ішіндегі ең кішісі – Тайынша ауданынан келген Артем Терлецкий. Жақында ғана бір жас бір айға толған. 10 күннен соң анасы екеуі отбасымен қайта қауышып, екінші туған күндерін атап өтпекші. Ауруханада ем алып, күштерін жинақтап жүргендердің дені – 1 жарым, 2 жаста. Осылайша, түмендік кардиохирургтер кішкентай  балаларға да ота жасай бастаған.

Кирилл Горбатиков, Түмен кардиохирургия клиникасының бөлім меңгерушісі:
– Осыдан 2 жыл бұрын біз облыстық балалар ауруханасында бұндай оталарды жасауға келіспейтін едік. Өйткені  жүректі қалыпты жұмысқа келтіру бір де, кейін бүлдіршіндерді күтіп, аяғына тұрғызу – екінші міндет. Ал соңғы уақытта емдеу мекемесі қажетті құрылғылардың барлығымен жабдықталуда. Сондықтан, операциядан шыққан балаларға алаңдаудың қажеті жоқ.
 
Жақында Түмен кардиохирургия клиникасының жанынан осы аттас кафедра ашылып, дәрігерлердің біліктілігін арттыру жүзеге асуда. Облыстан арнайы курстарға 2 анестезиолог пен кардиохирург аттанбақ. Алайда, жеке шешім қабылдап, жүрекке ашық ота жасау үшін, дәрігерлерге кем дегенде 10 жыл біліктілік жинау керек.

 Гүлмира Шоқтыбаева