Қоғам

Рұқсатсыз саудамен күрес

 

 

 

Астана көшесіндегі 23-ші үйдің ауласына енгенде базар аралап жүргендей әсерде қаласың. Орамда  құрылған сауда палаткаларының сөрелеріне жеміс жидектің түр-түрі жайылған. Тексеріс көрсеткендей, баспана иесінің қарамағындағы жерді жалға беруге еш рұқсаты болмай шықты. Саудагерлердің қолында санитарлық кітапшалары мен тауарының сапасын растайтын құжаттары да жоқ.

Татьяна Шупило, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім бастығы:
– ҚР Әкімшілік кодексінің 65- бабына сәйкес белгіленбеген жерде сауда жасаған тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл 7560 теңге. Біз алдымен ескертіп, кейін кемшілік жойылмаса, хаттама толтыруға құқылымыз. Ал кәсіптерін тоқтататын құзіретіміз жоқ.

Заңсыз кәсіп иелері рейд барысында кемшіліктерді жою керектігін ескерткен құзырлы орган өкілдерін елегілері де келмеді. Сөзге де құлақ аспады. Нөсерлеп жауған жауын да саудагерлерге белгіленбеген жерде үйреншікті істеріне басуға кедергі жасамаған көрінеді. Тексеріс келгенін байқап қалған олар жанталаса өнімдерін жинап алды.

Валентина Сапченко:
– Қандай рұқсат керек. Мен жұмыртқаны базардан алып сатып жатырмын. Онда жұмыртқа тексерістен өтеді ғой, сондықтан қажеті жоқ деп ойладым. Неге сатуға болмайды, міне бақшадан алынған көкөністер дәрумендерге толы, денсаулыққа өте пайдалы.  

Алайда саудагерлер мен санитар мамандардың ойы бір жерден шықпады. Жылыжайда өсірілген көкөністер мен жұмыртқа, сүт өнімері тіпті мал еті де саудаға шығарылған. Тез бүлінгіш бұл өнімдердің қайдан алынғандығы түгіл пайдалану мерзімі, сапасын көрсететін ешбір құжат жоқ. Бұны біле тұра   арзан өнімді алуға халық үйір. Десе де тұтынушылардың да көшеде қаз-қатар тізілген азық-түлік жөніндегі пікірлері қақ жарылды.

Тұрғындар:
– Мен даладан өнім алуға қарсымын. Өте қауіпті. Бүлінгені көп.
– Мен бұл жерден картоп алдым. Өзге де көкөніс-жемістері жаман емес. Жақсылап жуса, еш қаупі жоқ деп ойлаймын.

Жалпы облыс орталығында арнайы 15 сауда базары бар. Оның 9-да зейнеткерлерге 50 теңгеден орын беріледі екен. Десе де олар бұны да көпсініп, белгіленбеген орындарды таңдайды.

Жеңіс Ермұқанов