Балалар

Патриоттар мектебі

 

Бағдат Батаев Петропавл құрылыс -экономикалық колледжіне түсісімен «Арлан» клубына жазылды. Екі жылдың ішінде автоматты бөлшектеу мен жинаудан шеберлердің біріне айналған. Әскер қатарына шақырылса даярлығы жақсы.

Бағдат Батаев, Петропавл құрылыс -экономикалық колледжінің студенті:

Әскерге барғанда даярлығым жақсы болады. Барлығын «Арланнан» үйрендім. Қазақстанның азаматы отанды қорғай білуі керек, мықты болуы керек.

«Арлан» әскери -патриоттық клубы осыдан екі жыл бұрын құрылыпты. Саппен жүру, қару-жарақтың қыр-сырын меңгеру, спорттық ойындарда күш сынасу- бұның барлығы клуб жұмысының бағдарламасына енгізілген. Клуб мүшелері екі жыл еңбектеніп, колледждің жертөлесінен тир жасапты. Бүгінде дала баласы көшедегі қылтың-сылтыңнан гөрі клубқа келіп қару меңгеруді, не спорттық шараларға қатысқанды қош көреді.

 Ұлықбек Исманов, Петропавл құрылыс-экономика колледжінің студенті:

-«Арланға» келгенде балалар ішімдік, темекіден аулақ болады. Патриоттық клуб отанды сүюге, қорғауға үйретеді.

Клуб құрамында 50-ден аса жеткіншек бар. Негізін құрылыс-экономика, медицина колледждерінің студенттері құрайды. 19,20- шы шағын аудандардың оқушылары келеді. Клубқа мүшелікке енген қыздар да көбейген. Клуб жетекшісі Қайрат Тілегенов балалардың мұнда қызығушылықпен келетінін айтады. Бұл жерде балалар тек қару саптауды емес, алдымен отанды сүюді үйренеді.

Қайрат Тілегенов,  «Арлан» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

-Отанды сүю үлкендерді сыйлау, дәстүрді сақтау, өзіңді жақсы ұстаудан басталады. Бала жақсы тәрбие алса, оның болашағы да айқын болады.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында облыста әскери патриоттық клубтардың басын қосатын «Арыстан» қауымдастығы құрылды. Ендігі уақытта бұндай клубтарды аудандарда ашу жоспарда бар.
Әсем Рахметова