Қоғам

Әлеуметтік дүкен

 

“Аялы алақан” – әлеуметтік дүкен осылай аталыпты. Аты затына сай сауда орнында еш нәрсе сатылмайды. Барлығы тегін. Осылайша  “Іскер әйелдер қауымдастығы” мен “Аналар” қоғамы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетуді ұйғарған.

Бақытжан Сәмиева, “СҚО бойынша іскер әйелдер Қауымдастығы” ҚБ төрайымы:
-Бір тиын ақша алмаймыз. Көмек керек адамдарға береміз. Дүкен халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің жолдамасымен жұмыс істейді. Адамдар жолдамамен келеді. Сосын оларға қажетті киім-кешек, не болмаса өзге нәрсе береміз.

Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға жәрдем жасауға ниет танытқандар қатары қалың. Санаулы күндерде дүкеннің сауда сөрелері толып қалған. Қала тұрғындары киім-кешек, аяқ киім, ойыншықтар, үй тұрмысында пайдаланылатын түрлі заттарды әкелген. Кәсіпкерлер мен түрлі ұйымдар және мекемелердің ұжымдары да қайырымдылық шарасынан шет қалмапты.

Бақытжан Сәмиева, “СҚО бойынша іскер әйелдер Қауымдастығы” ҚБ төрайымы:
Біздің азаматтар өздері әкеліп жатыр. Соған қуаныштымыз. Дүкен толып қалды. Бәрін беру керек. Сосын тағы жинаймыз.

Сауда сөрелеріне көпбалалы аналардың өз қолдарымен жасаған бұйымдары да қойылыпты. Жалпы “Аналар” қоғамында көп бала тәрбиелеп өсірген 30 отбасы бар. Олардың көпшілігі “Аялы алақан” әлеуметтік дүкенін ашуға белсенді атсалысқан.

 Надежда Хлопцова, “Аналар” қоғамының мүшесі:
– Бұл дүкен көптеген әлжуаз отбасыларға үлкен көмек болады деп ойлаймын. Өзімізге де, өзгелерге де жәрдем жасаймыз. Мен өзім алты баланың анасымын. Мына қызымның үстіндегі киімдерді осы жерден алдым. Осындай дүкен ашылғанына өте қуаныштымыз.

Іскер әйелдер мұнымен тоқтамақ емес. Алдағы уақытта олар облыс орталығының тағы бірнеше ауданында және елді мекендерде әлеуметтік дүкендер ашуды көздеп отыр.

 Айымгүл Әбілева