Билік

Өңір басшысының Жамбыл, Тимирязев аудандарына жұмыс сапары

Өңір басшысының Жамбыл ауданына жұмыс сапары Новорыбин селолық округінен басталды. Серік Біләлов мұнда “Агротехника-Жамбыл” ЖШС -дегі көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Биыл шаруашылық 10 800 гектар алқапқа дән сіңіреді, қазіргі күні жоспардың 75 пайызы орындалыпты.  Облыс әкімі алқаптарды өңдеу сапасына сын айтты. Серік Біләлов “Шатило и К”, “Апретов”, “Байжұман”, “Баймұқанов и К” ЖШС алқаптарын да аралап көрді. Жамбылдық диқандар егіс жұмыстарын мерзімінде бітіреміз деп уәде етті. Одан кейін облыс әкімі аудандағы агроқұрылымдар басшыларымен кездесті. Диқандар бүгінгі күні агроөнеркәсіп саласына мемлекет тарапынан барынша  көңіл бөлініп отырғанын атап көрсетіп, бұған ризашылықтарын білдірді.  Егіс науқаны барысында жанар-жағар май жөнінен қиындықтар болған жоқ, аграрийлер орақ кезінде де бұл ретте іркілістер болмайды деп үміттенеді.  Жалпы биыл Жамбыл ауданында 254 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар себілмекші. Қазіргі күні алқаптардың 75 пайызында жұмыс атқарылған. Бұл күні өңір басшысы Тимирязев ауданының аграрийлерімен де кездесті.