Билік

Қысқа дайындық Үкімет назарында

  
Экономикалық даму және сауда министрлігі мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асырудың ақпараттық картасын әзірлеген. Өткен жиындардың бірінде аталған жоспар талқыланған болатын. Бұл жолы Үкімет барлық ескертпелер мен ұсыныстар ескеріліп, жетілдірілген құжатты бекітті. Күн тәртібіне шығарылған басты мәселе жаңа жылыту маусымына дайындық жайы болды. Үстіміздегі жылы энергетика кешеніне 130 млрд. теңге инвестиция бағытталмақ. Отырыста коммуналдық қызмет бойынша берешек мәселесі де талқыланды. Бүгінгі күні қарыз 8 млрд. теңгеден асып жығылады. Үкімет басшысы бұл түйіткілді шешу үшін тиісті жұмыстарды қолға алу керектігін айтты. Селекторлық байланыс бойынша облыс әкімдерінен жылыту маусымына дайындық барысын сұрады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Алдағы жылыту маусымына дайындық жоспар бойынша жүріп жатыр. Мамыр айында бюджеттік ұйымдарға көмір сатып алу үшін байқау өткізілді. Бүгінде 30 мың тонна көмір жеткізілді. Ал бұл – 18 пайызды құрайды. Бірінші тамызға дейін бұл шаруаны толық аяқтаймыз. Екінші жылу- электр орталығында ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 3 турбоагрегат пен 3 қазандық жөнделді. Тағы төртеуі қазірде жоспарға сай қалпына келтіріліп жатыр.  

Үстіміздегі жылы облыста екі жоба қолға алынбақ. 3,9 млрд. теңгеге жаңа агрегаттар орнатылатын болады. Үкімет басшысы өңірдегі егіс науқанының барысы туралы да сұрады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бүгінде егіс алқабының 75-76 пайызы себілді. Ауа райына байланысты  жұмысты аяқтау мерзімі шегеріліп отыр. Сөйтіп, бидай себуді маусымның 3-4-не  дейін, өзге дақылдарды егуді 7-8 дейін тәмамдамақпыз.  

Қайткенмен де, диқандар биыл жақсы өнім жинап алуды межелеп отыр. Жиын соңында Премьер-Министр облыс әкімдеріне алдағы жылыту маусымына дайындықты қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл мәселе тамыз айында қайта қаралатын болды.
   Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін облыс әкімі басқармалар, бюджеттік ұйымдардың жетекшілеріне бірқатар міндеттер жүктеді. Жылыту жүйесі тексеріліп, көмірдің уақытында жеткізілуін қадағалау қажет. Жөндеу жұмыстарының барысына күнделікті мониторинг жүргізілуі тиіс.

Айымгүл Әбілева