Әр түрлі

Әскери техника тексерілді

 

 

 

Әскери институттың көлік нысандарын тексеру жыл сайынғы міндетті шара. Биыл бақылау алаңына шығарылған 60-қа таман техника кез келген тосын жағдайда институт аумағынан тыс шығып, іске кірісуге дайын болуы тиіс. Осынша көлікті бір де бір кілтипансыз, мінсіз жағдайда ұстау оңай іс емес. Сондықтан әскерилер оған ұзақ әрі мұқият дайындалыпты.

Рашид Баубеков, ІІМ ІӘӘИ оқу үдерісін қамтамасыз ету батальонының командирі:
– Біз 15-ші наурыздан бастап, 15-і сәуірге дейін осы техниканы дайындадық. Бүкіл істейтін жұмыстарын атқарып жасадық. Енді келесі жылда техника жақсы істеп, бүкіл шараларды және бүкіл марштарды тек қана жақсы бағамен атқарамыз деп ойлаймын.

Жеңіл және ауыр көліктер, автобустар мен бронетранспортерларға мамандар шын мәнінде шаң жуытпапты, бәрі сырланған, мұнтаздай таза. Сұлтанмахмұт Нұржанов өз қарамағындағы көлігін 1 ай көлемінде дайындаған. Өткен жылы осындай тексеріс нәтижесінде алғыс хатпен марапатталған екен. Ал биыл одан да жоғары бағаға ие болар деген сенімде.

Сұлтанмахмұт Нұржанов,  БТР жүргізушісі:
Өзіміздің қызмет. Сол қызметімізді жақсы қылып дайындалдық, бүгін беске немесе төртке өтуге мүмкіндігінше тырысамыз, солай өтеміз деп ойлаймын.  

Әскери көлік кез келген жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Сондықтан Астанадан келген мамандар темір тұлпарлардың іске жарамдылығын жан-жақты тексеріп, әр қырынан сынады. Түске таман 40 техниканы қарап үлгерді. Әзірге тек кішігірім кемшіліктер ғана табылыпты.

Павел Филиппов, ҚР ІІМ бөлім бастығы:
 – Ең алдымен көлік өз ісіне жарамды болуы керек. Егер ол жеңіл көлік болса, онда жолда жүру ережелері қадағаланады. БТР-ды жүргізудің де өзіне сай ерекшеліктері бар. Жалпы, барлық техниканы бүге-шүгесіне дейін тексереміз.

Тексерушілер 1 көліктен 6 кемшілік тапса, оның иесіне “нашар” деген баға қояды. Бұл үшін әскери қызметші міндетті түрде жазаланады, ал сыннан сүрінбей өткен әскерилер керісінше грамота, алғыс хаттармен және “Қайсар” төс белгісімен марапатталады.

Кәусар Аяпбергенқызы