Билік

«Ақ бидайға» дайындық басталды

  

 

 

 
Уәлиханов ауданында соңғы рет облыс деңгейіндегі спорт додасы 1989 жылы өткізіліпті. Шілдеде ұйымдастырылатын шараға 13 ауданнан 1500 спортшы келеді деп жоспарланып отыр. Сондықтан аудан үшін бұл спартакиада үлкен сын болмақ. «Ақ бидайға» дайындық барысымен танысу үшін облыс әкімі алдымен Ахметжан Қазымбетов атындағы стадионға келді. Бұнда атқарылатын жұмыс көлемі ауқымды. Алдымен жүгіру жолына асфальт төсеу керек. Трибунаның орындықтарын толық ауыстырып, төбесін жабу міндеті қойылды. Сондай-ақ теннис үстелдерін қою, волейбол алаңын жасау сияқты жұмыстар тиісті басшыларға жүктелді. Жарыс алаңын жарықтандыру мәселесі де өзекті болып тұр. Стадионға кіре беріс қақпа да талапқа сай болған жөн. Өңір басшысы аудан әкімі Серікбай Тұралинов пен облыстық департаменттердің жетекшілеріне стадиондағы жұмыстарды маусым айында аяқтауды тапсырды.  №1 Кішкенекөл орта мектебіне соққан аймақ басшысы мұғалімдермен тілдесіп, бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындықты сұрады. Биыл  мұнда  23- түлек бітіреді  екен. Білім ошағын аралап, шатыр, терезе және қазандықтың жағдайын көрді. Бұл мектеп ғимараты 40 жыл бойы жөндеу көрмеген екен. Облыс әкімі екінші жартыжылдықта көмектесуге уәде берді.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Төлеген Иманов та терапия және хирургия бөлімшелерінің жөнделгенін қалайды. Жұмыс сапарының соңында Серік Біләлов аудан  диқандарымен кездесті. Серіктестіктер басшылары көктемгі егіс науқанына қажет тұқым мен жанар-жағармайдың бар екенін тілге тиек етті. Қолбайлау болып тұрғаны – 5 күнге жалғасқан жауын-шашын. Уәлиханов ауданында дәл осындай жағдай 1979 жылы болған екен. Ылғалдың мол түсуін диқандар жақсылыққа жорып отыр.   Жалпы  28  мамырдағы мәліметтер бойынша аудан көлемінде 241 мың гектар алқаптың 128 мыңына дән себіліпті. Бұл бар алқаптың 53 пайызы. Облыс әкімі шаруаларға науқанды уақтылы аяқтауды тапсырды.

Жеңіс Ермұқанов