Спорт

Боксшы қыз Дариға – халықаралық дәрежедегі спорт шебері

 

Былғары қолғап шебері Дариға Шәкімова  – ел біріншілігінің үш дүркін чемпионы, соңғы Азия ойындарының жеңімпазы. Бокс өнерінің жілігін жарып майын ағызған Дариға тағы бір ірі тартыста бар қарсыласын тізе бүктіріп ерледі. Өстіп бапкерлерінің үмітін абыройлы ақтап жүрген дарынды қыз Павлодар қаласында өткен халықаралық додада ел намысын тағы бір асқақтата білді.

Серік Бектұрғанов, бапкер:
– Бокстан Олимпиада ойындарының жүлдегері, Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақпаевтің жүлдесіне арналған 19-шы халықаралық жарыс әлемнің 14 елінен 200-ден артық сайыскерді жиды. Куба, Ресей, Украина, Греция сынды елдердің майталман боксшылары қатысты. Көбі Әлем, Еуропалық жарыстардың чемпиондары.

Ұлттық құрама әлемдік деңгейдегі боксшыларға тойтарыс беріп, жалпы есепте бас жүлдені ұтып алды. Бұған турнирде жұлдыздай жанған Дариғаның қосқан үлесі аз емес. Жерлесіміз 3 бірдей кездесуін айқын басымдылықпен өз пайдасына шешіп, алтын алқа тақты.  

 Дариға Шәкімова, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Менің басты мақстым – Олимпиада ойындарының жолдамасын иелену. Бұл жарыс та өзгелері сынды көздегеніме жақындататын бір баспалдақ болды. Алда әлі талай рейтингтік жарыстар күтеді. Маңдай терсіз жеңіс келмейді. Сол сындардан  сүрінбей өту үшін тынымсыз жаттығамын.

Әлем біріншілігіне үш жолдама ойналатын республикалық кубок,  кейін Францияда өтетін халықаралық турнир. Онда бағы мен бабы қатар шапса, әлем біріншілігінің шаршы алаңында мықтылығын дәлелдеу керек. Баспасөз мәслихатында Дариға Шәкімоваға халықаралық дәрежедегі спорт шебері куәлігі табыс етілді. Дариға облысымыздың бокс тарихында алғашқы нәзік жанды былғары қолғап шебері атанды. Сондай-ақ аталмыш жарыста солтүстікқазақстандық Әнуәрбек Байжанов пен Тұрат Османовтың айы оңынан туып, құрама қоржынына бір-бір қола алқа салды.

Жеңіс Ермұқанов