Аптадағы маңызды жаңалықтар

Саяжайлар мен ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жүргізіледі

 
  

 

 

Петропавлдағы саяжайларды тізімге алу жұмысы соңғы рет 2010 жылы жүргізілді. Түгендеу кезінде 56 гектар жерді алып жатқан 729 учаскенің иесіз екені анықталып, сол жылы 100-і  мемлекет меншігіне қайтарылды. Өңір басшысы осы мәселеге қатысты жер қатынастары басқармасының бастығы Есенгелді Қарбаевтың есебін тыңдады. Атқарылған жұмыс көңілге толмайды, анықталмаған тұстары көп. Қалалық әкімдік саяжай сұрап келгендердің өтініштерін қанағаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарыпты.

Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Біз 4 443 учаскені есепке қойдық, 2009 жылы  – 1597, 2010 жылы – 729, 2011 жылдың 4 айында 2117 учаскені есепке алдық.
Олардың ішінде мемлекет меншігіне 282 учаске қайтарылды. 1158 адамға жер беру туралы шешім қабылдадық. Пайдаланылмай келген 34 учаскені сот арқылы қайтарып алдық .

Облыс әкімі саяжайды толықтай іске жаратудың өңір үшін аса маңызды екенін айтты. Сондықтан пайдаға жарамай жатқан бақшаларды анықтау үшін саяжай коопераивтерімен тікелей жұмыс атқару керек деді.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Бағбандық пен саяжайды дамыту туралы бағдарламаның орындалуын тексеру үшін комиссия құрылсын, барлық кооперативтерді аралап, жұмысты сараптау керек. Атқарылған іске байланысты жауапты қызметкерлердің өз істерін қаншалықты орындай алып жүргендеріне баға береміз.

Ауыл шаруашылығы жерін инвентаризациялау бағытында да іс-шаралар жалғасын табуда. Тексерудің алғашқы кезеңінде мамандар пайдаланылмай жатқан егістік алқаптарды Уәлиханов, Тайынша, Тимирязев аудандарында анықтады. Жерді тізімге алу жұмыстарын талапқа сай жүргізіп, картографиялық материалдарды, схемаларды, графикалық көрсетілімдерді жасау үшін 5 млн теңге қажет дейді мамандар. Облыс әкімі бұл мақсатқа қаражаттың бөлінетінін айтты. Кеңесте республикалық және облыстық маңыздағы автокөлік жолдарын жөндеу мәселесі де қаралды. Өңір басшысы республикалық маңыздағы жолдардың талапқа сай еместігін айтты.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 -Көптеген жылдар бойы Көкшетау-Рузаевка бағытындағы жолға көңіл бөлінбей келеді. Бұл жерде тас жол сал деп отырған жоқпыз, жол ойылып кеткен, соны жөндеу керек. Петропавл-Қостанай бағытындағы тас жолда автопавильондар орнату керек,  жол жиектеріне шөп өсіп кеткен. Республикалық маңыздағы автомобиль жолдары департаменті өте нашар жұмыс жасайды.  

Облыс әкімі өз орынбасары Александр Чженге ҚР автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің жұмысын бір ай бойы қадағалап, мониторинг жүргізуді тапсырды. Ал облыстық маңыздағы жолдарға байланысты жарияланған тендерлер ақпан айында өткен. Қар кетіп, күннің жылынғанына біраз уақыт болса да, жолдарда жөнді шаруа басталмаған. Серік Біләлов бұл жұмыстарды жылдамдату керектігін ескертті. Ағымдағы жылдың алғашқы жартысында пайдалануға беріледі деген тұрғын үйлер мен осы уақыттағы бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуына қатысты басқарма басшыларының есебін тыңдады. Игерілмеген қаражат бірқатар басқармаларда бар. Серік Біләлов құрылым басшыларын тыңдап, ақшаны тиісті уақытында іске жаратуды тапсырды. Жиын соңында облыс әкімі көктемгі егін себу науқанының барысы жайлы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Нұрлан Биболаевтың есебін тыңдады.

Нұрлан Биболаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– Майлы дақылдар мен картоп отырғызуды бүгін аяқтаймыз.
Бидайдың 68,6 пайызын аяқтадық. Айыртау ауданы алда келе жатыр. Ал Шал ақын ауданы кеш қалып отыр. Бүгінгі күні ауданға тиесілі алқаптың 30 пайызы ғана игерілген. Қазір біз бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз.  

Дана Ғизатова