Энергетика

Облыс орталығында жылу желілерін алмастыруға жергілікті құбырлар қолданылады

 

 

 

Болат құбыр жасауды Петропавл құрылыс материалдары зауыты өткен жылы қолға алған. Диаметрі 426 миллиметрлік құбыр облыс орталығындағы жылу жүйесіне қажетті. Сыртына полиэтилен құбыр кигізіледі. Ал арасы ыстық-суыққа шыдас беру үшін көбікполиуританмен толтырылады. Бұндай құбыр ұзақ жылдарға шыдас беретін көрінеді.

Александр Кондратов, Петропавл құрылыс материалдары зауытының директоры:

– Өткен жылдың желтоқсанында қапталған құбырларымыз «Алтын сапа» байқауында 3-орынды жеңіп алды. Сапа мен баға жағынан біздің өніміміз Қазақстан мен Ресей зауыттарының тауарымен қатар тұра алды. Бүгінде өзге облыстар мен Ресейден де тапсырыс түсіп жатыр.

Бірнеше жылдардан бері облыс орталығындағы жылу жүйесін ауыстырумен айналысатын компания қапталған құбырды Ресейден жеткізетін. Енді міне жергілікті зауыт өндірісті өзімізде қолға алып отыр. Қаржы да, уақыт та үнемделеді.

Андрей Калиничев,  «Петропавл жылу желілері» ЖШС директоры:

-Петропавл құрылыс материалдары зауытында тапсырыс жасау арқылы біз 15-20 пайыз шығынды азайтамыз. Сондай -ақ, тауарды күтіп отырмаймыз.

Тасымалдау шығыны да азайды. Жылу желілері компаниясы зауытқа 1 134 метр құбыр жасауға тапсырыс берген. Кәсіпорын жұмыстың үштен бірін орындап үлгеріпті. 407 метр құбырдың алғашқы партиясы Брусиловский көшесіне жөнелтілді. Бұл жерде жылу жүйелері компаниясы 1 километр жылу құбырын алмастырмақшы. Кәсіпорын Амангелді көшесінде жүргізілетін жөндеуге қажетті диаметрі 600 мм құбыр бойынша тапсырысты құрылыс материалдары зауытына бермекші.  

Әсем Рахметова