Мәдениет

«Қарлығаштың» мерекелік концерті

 

Дәстүр бойынша есептік концертті “Қарлығаш” ансамблінің ең кішкентай бишілері ашты.
“Түймедақ” биін әдемі орындаған кішкентай  ұл-қыздардың өнерін жиналған жұрт сүйсініп тамашалады. Сахна төрінде өткізген 38 жылдың ішінде ансамбль облысымыз бен республиканың атын жер-жерге танытты. Түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанған шығармашылық ұжым бүгінде 200-ден астам дарынды жастарды біріктіреді екен.

Әуелбек Сәрсекеев,  “Қарлығаш” би ансамблінің мүшесі:
– Осында келгенімде жаңа достар таптым. Қарым-қатынасымыз жақсы. Мен осы 4 жылдың ішінде көп нәрсе үйрендім. Болашағымды осымен байластырамын. Мектепке хореограф жұмысына шақырады.

Жас бишілердің туыстары мен жолдастары, ансамбльдің бұрынғы мүшелері залға лық толы. Барлығы өнерлі жастарды сәтті аяқталған тағы бір маусыммен құттықтау үшін келген.

Көрермендер:
-Менің балам осы ансамбльде 5 жыл билейді. Ансамбль жетекшісі Галина Васильевна өте дарынды адам. Балаларға жылдан-жылға көптеген би қойып жатыр. Менің балам осы 5 жылда көп өнерге үйренді.
– Немерем Томирис 3 жаста.
Осында келгелі жарты-ақ жыл болды. Бүгін нәтижесін көруге келіп отырмыз. Галина Васильевнаға тілерім осындай жас жұлдыздарды сахнаға шығара берсін.

Жылдың қорытынды концертінде “Қарлыгаш ” көрермен назарына үздік деген 21 туындысын ұсынды. 2 сағаттық бағдарламада заманауи композициялармен қатар өңірімізді мекен ететін түрлі ұлттардың билері де қамтылған. Жалпы өнер ұжымының алға қойған мақсаттары мығым. Олар болашақта тек биіктерді ғана бағындырсақ дейді.

Жеңіс Ермұқанов