Балалар

Якорьлық шеберлер Астанада өтетін СҚО мәдениеті күндеріне әзірленуде

Шеберлік бөлмесіне дизайнер, құрастырушы, киім пішуші, тігінші, өңдеуші, тіпті моншақтармен безендіретін қыздар жиналған. Олар елордада өтетін шараға 16 түрлі ұлттың киімдерін жібермекші. Солтүстікқазақстандық делегация құрамында бойжеткендердің ұстазы Лидия Кустова да бар.

 Лидия Кустова,  Якорь орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі:
– Қандай ұлттың киімін тігетінін қыздар өздері таңдайды. Бүгінге дейін грек, неміс, еврей, татар, корей, әзірбайжан және т.б ұлттардың киімдерін дайындады. Біз үшін берекесі жарасқан елдің азаматы болу бақыт. Оқушылар да мұны сезініп, өзге ұлттардың мәдениетіне қызығушылықпен қарайды.

Мұнда қуыршаққа шақ қылып тігілген сан алуан ұлттың киімін көруге болады. 6 қыздың бірі – Милана Чатаеваның ұлты шешен. Сондықтан да ол туған халқының қыздары киетін киімді тігіп, көпшіліктің назарына ұсынбақ.

Милана Чатаева, Якорь орта мектебінің оқушысы:
– Өз ұлтымның бір белгісін осы мектепте қалдырғым келді. Енді олар біздің ұлттық киіміміздің қандай болатынын біледі. Сондай-ақ ұлтымның салт-дәстүрін, мәдениетін дәріптегім келді.

Жанар Алтайбекова бұрыннан корей халқының мәдениетіне қызығушылық танытыпты. Олар жайлы ақпаратты ғаламтор мен кітаптардан іздестірген. Кейін құрбыларына осы ұлт киімінің үлгісін жасауды ұсынған.

Жанар Алтайбекова,  Якорь орта мектебінің оқушысы:
– Маған корей костюмы ұнайды. Ер адамның және қыздың киімін тіктім. Осы еңбегімді астаналық азаматтардың тамашалайтыны қуантады.  

Оқушылардың бұл еңбектерін Лидия Кустова қыркүйек айында Астанада өтетін Солтүстік Қазақстан облысының мәдениеті күніне арналған көрмеге алып барады. Елімізді мекендеген түрлі ұлттар дәстүрінің жаңғыруы, әрине, тамаша құбылыс. Дегенмен, жеткіншектер мемлекеттік тілде екі сөзді де құрап айта алмады.

 Айдана Демесінова