Әр түрлі

Арулар байқауына іріктеу басталды

 

 

 

” Миссис Қазақстан” байқауы елімізде 3-ші рет ұйымдастарылуда. Алайда СҚО бұл сайысқа алғаш рет қатысқалы тұр. Бүгін өңірімізде аймақтық тіркеу   басталды. Оған қоғам өміріне белсенді араласып жүрген, көркіне ақылы сай келіншектер түгел қатыса алады. Тек келесі талаптарға баса назар аударылады. Байқау үміткерінің жасы 25-пен 50-дің арасында болуы керек. Сондай-ақ, балалы ана болуы шарт.

Ғалия Балтабаева,  әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия төрағасының орынбасары:
– Байқаудың мақсаты – қоғамда отбасы және тұрмыс құрған әйелдің рөлі мен статусын, оның ана, табысты іскер әйел ретінде, қоғамның саяси өміріне белсенді қатысатын әйел ретінде көтеру, одан басқа қайырымдылық және бейбітшілік орнату.

Аймақтық іріктеу туры маусым-тамыз айлары аралығында өтеді. Республикалық кезеңде бас жүлде үшін 20 финалист күреседі. Әзірге байқау комиссиясының мүшелері облыс аудандарын аралап, қызметінде жемісті еңбегімен көзге түсіп жүрген нәзік жандарды іздеуде.

Талғат Ақылбеков, облыстық мәдениет басқармасының бастығы:
-Мәдениет басқармасы “Миссис Қазақстан” үлкен аймақтық сайысына өз үлесін қосып жатыр. Барлық аудандық мәдениет бөлідеріне сайыстың шарттары жіберілді. Ұлттық комиссия құрамындағы кісімен хабардар болып отырмыз. Сценарий дайындалуда. Комиссия мүшелері ауданға барып іріктейді.

Ұлттық комиссия мүшелерінің айтуынша бұл жер шарындағы тұрмыс құрған әйелдерге арналған жалғыз халықаралық байқау екен. Ал оның міндеті әлеуметтік-экономикалық жағдайымызды көтеруде нәзікжандардың қосатын үлесін көрсету және сол арқылы әйелдердің одан да үлкен биіктерді бағындыруына ықпалдасу.

 Бақытжан Сәмиева,  СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:
– Біздің облыс жуырда енді осындай конкурс “Миссис Қазақстан” арқылы әйел затының құрметін көтермекші. Өтетін конкурс арқылы біздің еліміздің сымбатты, абыройлы келіншектерін көрсетеміз деп отырмыз.

Құжаттарды қабылдау маусымның ортасына дейін жалғаспақ. Сондықтан байқауға қатысамын деген арулар асығыңыздар.

 Гүлден Сәрсенбаева