Бизнес және экономика

Салықшылар ескертеді

 

 

 

Өз қызметін тоқтатуды ұйғарған жеке кәсіпкер орналасқан мекен-жайы бойынша салық органына тиісті құжаттарды табыстауы тиіс.

Александр Круглов, СҚО Салық департаментінің бас маманы:
– Ол құжаттардың ішіне қызметін тоқтату туралы өтініш, таратудың салық есептігі және жеке кәсіпкердің мемлекеттік тіркелуі туралы куәлігі, ал ол жоғалған жағдайда түсініктеме және ақпараттық  мерзімді басылымда жарияланғанын  растайтын құжат кіреді.

Салық төлеуші, бұл жағдайда кәсіпкер, қызметін тоқтатқаны жайлы өтініш берген мерзімнен 3 күн ішінде салық департаменті басқа тиісті мекемелерге мәліметтер жібереді. Мәселен, кеден қызметіне кәсіпкердің қарызының жоқтығы, банктерге банк шотындағы ақша қалдығы және басқа органдарға оның мүлкі жайында мағлұматтар береді.

Александр Круглов, СҚО Салық департаментінің бас маманы:
– Салық органы бар мәліметтерді алған мерзімнен 10 күн ішінде кешіктірмей камералдық бақылау жүргізеді. Соның нәтижесі бойынша қандай да қателіктер, заңбұзушылықтар анықталып жатса, кәсіпкерге соны жою қажеттігі жазылған хабарлама жолдайды.

Осы тәртіптің бәрін орындағаннан кейін кәсіпкер тіркеу есебінен алынады. 2009 жылдан бүгінге дейін Петропавл қаласы бойынша 1 700-ге таман жеке кәсіпкер мен мекеме өз қызметін доғарған екен. Сондай-ақ салық органының мамандары азаматтар үшін сенім телефоны жұмыс жасайтынын хабарлайды. Құзырлы орган қызметкерлерінің арасында жемқорлық фактілерін байқаған жағдайда 46-49-10 телефон нөміріне қоңырау шалуға немесе ғимаратта орналасқан жәшіктерге хат салуға болады.

Аслан Тәліпов, СҚО Салық департаментінің бөлім бастығы:
– 2010 жылы сенім телефонына  – 62, ал биыл 35 қоңырау түсті. Оның 3-уі қызметкерлердің заңсыз әрекетіне, тағы 3-уі мамандардың әрекетсіздігіне шағымданған жағдайлар. Бірақ бірі де дәлелденбеді. Әр қоңырау түскен сайын оның себебі мұқият тексеріледі, кейін нәтижесі арызданушыға жеткізіледі.

Мамандардың айтуынша, сенім телефонына хабарласушылар саны кеміп келеді. Мұны олар азаматтардың салық саласындағы мәдениетінің артып келе жатқандығымен түсіндіреді.

Кәусар Аяпбергенқызы