ТКШ

Пәтер иелеріне кім көмектеседі?

  
Галина Васильева бұл үйде 47 жыл бойы тұрып келеді. Бірақ жылдар бойы шешімін таппаған дәл мынадай жағдайға бұрын-соңды тап келген емес. Жағымсыз иіс келмес үшін қария пәтерінің еденін 2 рет ауыстырыпты. Бірақ мұнысы бекер екен, күлімсі иіс 5 қабатқа дейін жетеді. Дәл осы жағдай Абай және Мир көшелеріндегі бірнеше үйлерде де қалыптасқан. Тұрғындардың сөзінше бәленің басы Абай көшесінде орнатылған коллекторда.

 Ирина Яуфман,  «Эврика»  кооперативінің төрайымы:
– «Петропавл судың» қызметкерлері ағын судың Абай көшесінен ағып бітуін тосу қажет дейді. Бұл мүмкін емес, ол көше вокзалға дейін жалғасады. Демек жаз бойы біз осындай шалшықтың ортасында отырамыз. Мен канализация жүйесін толық ауыстыруды сұрап әкімдікке хат жазғанмын. Бірақ әзірге жауап жоқ .

Осы үйдің сантехнигі Владимир Анютиннің бұл қызметке кіріскеніне 3 күн ғана болды. Өкінішке қарай, бірден осындай жайсыздыққа кез келді. Жертөлеге кіру мүмкін болмағандықтан бүгін резеңке етік сатып алыпты. 

Владимир Анютин, сантехник:
-Таңертең жұмысыма келіп тіземе дейін суға малындым. Коммуналдық қызметтен келетін адамдар қарайды да кетеді. Ал анығында олар арнайы техникамен келіп, құдықтардағы суды ағызулары тиіс.

Ал осы іске жауапты «Петропавл су» АҚ мамандарының көзқарастары басқаша. Олардың айтуларынша, келеңсіздік тұрғындардың кесірінен орын алған.

Сергей Визеров, «Петропавл су» АҚ бас инженері:
-Біріншіден канализация бікетіліп қалған, ол, әрине, тұрғындардың кінәсі, екіншіден, жауын болғанда канализациядағы су коллекторға түседі. Яғни су жертөлеге кетпеуі үшін ішкі канализацияны жауып тастау керек. Ол тазалау жұмыстары жүргізілген кезде ғана ашылуы тиіс. Біз бұл жайлы тұрғындарға талай айтқан болатынбыз.

Демек, бұл үйдің тұрғындары канализация жүйесін өз күштерімен ауыстырулары тиіс. Бірақ  ПИК төрайымының айтуына қарағанда мұндай ұсынысты ешкім қабылдамаған.

Кәусар Аяпбергенқызы