Бизнес және экономика

Кәсіпкерлердің білімін жетілдіру бағдарламасы

 

Кәсіпкерлікпен 15 жылдан бері айналысып жүрген Талғатбек Ғалеев осы семинарда үйренерінің әлі де мол екендігіне көз жеткізді. Шетелдік оқытушылардан бизнесті жүргізудің тың жолдарын меңгерді. Замандастарының арасында тәжірибелі кәсіпкер көрінгенмен, бизнестегі олқылықтары да бар екен.

 Талғатбек Ғалеев, «Пласт окно Голд» ЖШС директоры:

-Көп нәрсені қате жасадық. Бұны білгенде қате жасамас едік. Біріншісі қаржыны бөлу мәселесі, екіншісі кадр мәселесі. Біз барлығын ала береміз ғой. Бірақ дұрыс мамандарды алу керек екен.

«Отель сервис» конақүй кешенінің директоры Татьяна Воробьева бизнес-курстағы игерген әр жаңалықты тәжірибеде жүзеге асырып көрмекші. Шетелдік оқытушылардан аз күнде мол ақпарат алды. Әрине, кәсібіңді жүргізуде құжат жағынан өзгешелік бар демесең, бизнестің негізі ортақ дейді.

Татьяна Воробьева, «Нотеl-Сервис» қонақ үй кешенінің директоры:

-Көп кәсіпкерлер көп идеямен келді. Ендігі уақытта олар бірнеше қадам алға басады деп ойлаймын. Мәселен, біз өзіміздің бизнесімізді кеңейтуді, компаниямыздың филиалдарын өзге қалаларда ашуды жоспарлай бастадық .

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлер өзге бағыттарда да біліктіліктерін арттыра алады.

 Елена Суворова,  «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры:

– Бағдарламаның «Іскерлік байланыс» атты тағы бір бағыты бойынша құжат қабылдау басталды. Ол шетелдік кәсіпкерлермен әріптестік орнатуға негізделген. Кәсіпкерлердің шетелде оқуына жағдай жасалған. Бұл бағыт бойынша 13 өтініш қабылданды. 

«Назарбаев университетіндегі» топ -менеджмент саласына арналған курсқа 7 солтүстікқазақстандық кәсіпкер барып келді . Енді олар университет оқытушылары өткізетін онлайн -семинарға қатысады. Болашақта іскер азаматтардың шетелде тәжірибе ұштауларына да мол мүмкіндіктер туып отыр.

Әсем Рахметова