Білім

Гумилев олимпиадасының жүлдегері

 

 

 

Олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Біріншісінде жас ғалымдар тест сұрақтарына жауап беріп, Лев Гумилевтің зерттеулері жайлы эссе жазуы керек еді. Мерей Босынова бұл сыннан сүрінбей өтіп, Астана қаласына жобасын қорғауға аттанды. Байқауға қатысуға 90 оқушы ниет білдіріпті. Алайда келесі айналымға 40 үміткер ғана жолдама алды. Орта  мектеп оқушысы республикалық жарыстың 2-кезеңінде бағын сынағанына өзге сайыскерлер таң қалыпты.

Мерей Босынова, №4 орта мектептің 10 сынып оқушысы:
– Жобаның тақырыбы – “Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың евразиялық бастамалары мен Лев Гумилевтың евразиялық идеясы жалғастығын зерттеу”. Барған кезде қатысушылар КТЛ-дан, лицейлерден болған. Мен өте қатты қуандым. Екінші орынды алдым.

Жобаны жазу үшін Мерей мен оның жетекшілері 2 айдай еңбектенген. Бойжеткен бастапқы кезде материалдарды ғаламтордан іздесе, кейін оқулықтарға, ғылыми мақалаларға сүйеніпті.

Сәуле Мырзабаева, № 4 орта мектептің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
– Жобада Лев Николаевич Гумилевтың ғылыми тұжырымы мен ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ұстанымдары салыстырылды. Алға қойған мақсаттарға жетіп, жүлделі орынға ие болдық .

Мерейдің келесі жылға құрған жоспарлары ауқымды. Талапты қыз нанотехнология жайлы жоба жазу туралы физика пәнінің мұғалімімен ақылдасып үлгерген.

Наталья Клювак,  № 4 орта мектеп директорының ғылыми- әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары:
– Биылғы жылы Астана қаласының ғылыми-зерттеу орталығымен оқушылардың ғылыми жобалары аясында тәжірибе өткізуге келістік. Мереймен жаңа жобамен жұмыс істеу үшін маусым айында Елордаға аттанғалы тұрмыз.

Сондай-ақ Мерей алдағы уақытта республикалық олимпиадада 2-ші орынға лайық деп танылған жобасын тереңірек зерттеп, Мәскеуде өтетін халықаралық байқауға жіберуді көздеп отыр.

Айдана Демесінова