Ауыл шаруашылығы

Егін зиянкестеріне қарсы шаралар

 

Былтыр егіс алқаптарының 3,5 мың га жуығы италияндық прус шегірткелеріне қарсы  дәрі- дәрмекпен өңделіпті. Негізінен астықты құртуға құмар бұл жәндіктер Айыртау, Уәлиханов, Ақжар аудандарының агроқұрылымдарына қауіп төндірген. Ондағы зиянкестерді улау жұмыстары республикалық қазынадан бөлінген қаражатқа жасалды. Өзге аудандардың шаруа қожалықтарын шегірткенің бұл түрі мазаламаған екен. Осы мәліметтерге сүйене отырып, облыстық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары үстіміздегі жылдың сәуір айында қыстап шыққан жұмыртқа ұяларын бақылап, зерттеу жүргізді.

 Айнұр Құсайынова,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық диагностика және  болжамдар әдістемелік орталығы  СҚОФ маманы:
– Италияндық шегірткенің күбіршіктері Айыртау ауданында анықталды. Олардың саны бірең- сараң түрде. Бір күбіршікте жұмыртқаның саны 16-24-ке дейін жетеді. Туылуы маусымның бірінші онкүндігінде болжамдануда.  

Тағы бір аса қауіпті зиянкес – астықтың сұр көбелегін анықтауға бағытталған жұмыс 110 мың га жерде өткізілді. Зерттеу 32 мың гектар алқаптың ауруға шалдыққанын көрсетті. 1 шаршы метр жерде әзірге 5   сұр көбелек шоғырланған. Мамандар бұл егіске аса қауіпті емес деп отыр. Бірақ жәндіктің саны 15-ке жететін болса, ол бидайдың өсуіне кері әсерін тигізеді. Қатердің алдын алу үшін 80 мың га егістікке   дәрі себілетін болады. Ал өткен жылы қаптап кеткен  жұпсыз көбелектің  жұмыртқа ұяларының сынамалары  өңіріміздің барлық аудандарынан алынып зертеліпті.

Айнұр Құсайынова,  ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық диагностика және  болжамдар әдістемелік орталығы  СҚОФ маманы:
Жұпсыз көбелектің лабороториялық жағдайда туылуы сәуірдің 21-30 аралығында өтті. Ал табиғи жағдайда Айыртау, Жамбыл, Тимирязев, Мамлют және Шал ақын аудандарында мамырдың 3-10 аралығында өтті. Қазір олар бір жаста. Осы зиянкес 3 жасқа жеткенде химиялық өңдеулер жүргізіледі.

Арам шөптер мен өсімдік ауруларына қарсы  дәрі шашу жұмыстары қарастырылған. Негізінен өңірімізде кең тараған септариоз ауруы. Былтырғы егіс науқанында 104 мың га астық алқабына   дәрі  себіліпті.

Жеңіс Ермұқанов