Мәдениет

Алинаның суреті Токионы тамсандырды

 

 

Халықаралық жарыста 6-15 жас аралығындағы суретшілер бағын сынады. Байқау өткен жылдың маусым-қазан айларында ұйымдастырылған болатын. Бейнелеу өнері лицейінің оқушылары жыл сайын “Балалар шығармашылығы” сайысына белсенді қатысады. Биыл «ЮНЕСКО» клубы 14 жұмыс ұсыныпты. Бұл сында Алина Анисимованың жұлдызы оңынан туып, қола жүлдегер атанды. Қылқалам шебері “Алып қалада” суретін салу үшін 1 айдай еңбектенген.

  Алина Анисимова, “ЮНЕСКО клубы”, бейнелеу өнері лицейінің оқушысы:
-Суретіммен үлкен қалалар мен даладағы ағаштың маңындағы тыныштықтың қарама-қайшылығын көрсеткім келді. Қарапайымдылықты қала өмірінің қарбаласымен кереғарлығын бейнеледім.

Бұл – Алинаның халықаралық деңгейдегі алғашқы  жетістігі емес. Бұған дейін де талай байқауларға қатысып, көпшіліктің көзіне түсіп үлгерген. Мұғалімдері 14 жасар Алина үшін биылғы жыл жемісті болғандығын айтады.

 Инна Рипачева, “ЮНЕСКО клубы”, бейнелеу өнері лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Алинаны көркемсурет авторы ретінде 3 жерге шақырған болатын. Шәкіртімізді  Харьковта болатын Илья Репин атындағы пленерге шақырды. “Шеврон” корпорациясының Алматы қаласында ұйымдастырған республикалық экологиялық сурет пленеріне жолдама алды. 

14 жасар қыз болашағын бейнелеу өнерімен байланыстырады. Ол алда талай биіктерді бағындыратынына сенімді.

Айдана Демесінова