Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі түлектерді құттықтады

 

 

 

 

Соңғы қоңырау – соңғы мектеп вальсі. Мына өрімдей бойжеткендер мен бозбалалар бүгін алтын ұя мектептерімен қоштасар сәтке келіп жетті. 11 жыл ішінде бұл білім мекемесі түлектер үшін туған ошаққа айналған. Алайда, бүгін олар балалыққа қош айтып, ересек өмірге аяқ басуда. Осынау маңызды күнмен түлектерді облыс әкімі құттықтады.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Әр баланың ең жақсы шағы – мектеп шағы. Бүгін оқу жылының аяқталуына арналған қазақстандық оқушыларда үлкен және ашық мереке. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударады. ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында оқу бітіргелі отырған түлектерге алда тұрған сынақты жақсы тапсырып, жоғарғы оқу орындарына жолдама алуға тілектеспін.
 
Сый ретінде бүгін 15 түлектің әрбірі облыс әкімінің ақшалай тартуына ие болды.  Биылғы түлектер 11 жыл бойы білім нәрін сусындаған мектеп өмірінде өз іздерін қалдыра білген. Мысалы, Елена Лушникова, физикадан облыстық ғылыми жобалар байқауында 1 орынды еншілепті. Сондай-ақ, «Альянс» тобының құрамында облыстық дебат турнирінде озып шыққан. Елена мектеп жылдарын сағынышпен еске алатынын айтады.

 Елена Лушникова, түлек:
-11 жыл қас қағым сәтте өте шықты. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап, алғаш рет партаға отырған едім. Сол кезде түлектер бізге өз тілектерін білдірген еді. Ал бүгін өзім сол сәтті бастан кешіп отырмын.
Өте қобалжып тұрмын. Білім берген ұстаздарым мен алтын мектебімді ешқашан ұмытпаймын.
 
Елена ұлттық бірыңғай тестілеуден өткен соң, Астана қаласына аттанбақшы. Түлек мектепте көрсеткен жеңістерінің арқасында медицина университетінің  грантына ие болыпты. Ал Иван Митрошин болашағын теміржол саласымен байланыстыруды жоспарлап отыр.

Иван Митрошин, түлек :
Интернатта көрсеткен қамқорлықтарына дән ризамын. Аналық, әкелік махаббат пен жылуды сезінгендей болдым, осы жылдардың ішінде. Сондықтан, мен ұстаздарымның үмітін ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын. Қазіргі уақытта темір жол колледжіне техник-электрик мамандығына түсу үшін дайындалып жатырмын.

Бүгінгі түлектердің ізбасарлары – 1 сынып оқушылары аға-әпкелерінің арман-тілектерін жақсы біледі. Алдағы маңызды сынақ – ұлттық бірыңғай тестілеуде олардың әрбіріне сәттілік қажет-ақ. Сондықтан, бүлдіршіндер ізгі ниеттерін жаудыруда. Бүгін білікті ұстаз  Татьяна Сухачева үшін де қоштасар сәт туып отыр. Ол тарыдай болып кірген бүлшіндерінің аяқтанып, үлкен өмірге таудай білім алып шыққанын көріп отыр.

Татьяна Сухачева, облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар мектеп-интернатының мұғалімі:
– Бұл балалар өте еңбекқор, ересек өмірге дайын деп айта аламын. Осыдан 11 жыл бұрын ғана алдыма кішкентай балақайлар болып келген еді. Бүгін міне ержетті. Олардың әрбірінің өз орнын табатынына сенімдімін.

Үлкен мерекеде интернаттың демеушілері мен достары да қарап қалмады. Олар қарамағына алған отбасылары мен түлектерге өз сыйлықтарын тарту етті. Ал түлектер болса, көк аспанға түрлі түсті шарларын қалықтатып, армандарының орындалуын тіледі.

Гүлмира Шоқтыбаева