Білім

Бірінші лицейдегі «Соңғы қоңырау» мерекесі

 

Бүгін түлектер үшін маңызды күн. Олар он бір жыл бойы білім алған алтын ұя – мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Әлбетте, көңілде қимастық пен толқу бар. Осынау айырықша күнмен түлектерді облыс әкімінің атынан орынбасары Александр Чжен құттықтап, алдағы өмір жолдарына сәттілік тіледі.

 Александр Чжен, облыс әкімінің орынбасары:
-Оқу жылының аяқталуымен шын жүректен сіздерді құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағына елеулі үлес қосады деген сенімдеміз. Мемлекетімізде білім саласында көптеген оң өзгерістер орын алуда. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастардың сапалы, жан-жақты білім алуларына үнемі қолдау көрсетіп келеді. Облыста да білім жүйесінде жаңашылдықтар бар.

Бірінші қалалық жалпы білім беретін лицейді биыл 44 шәкірт аяқтайды. Олардың үшеуі ерекше үлгідегі аттестат алмақ. Айту керек, биылғы түлектер еліміз үшін де, туған мектептері үшін де маңызды жылы үлкен  өмірге қанат қаққалы тұр. Ел тәуелсіздігіне жиырма жыл, лицейдің құрылғанына да үстіміздегі жылы осынша жыл толды. Салтанатты шарада мектеп директоры биылғы жылдың үздік түлектеріне Александр Слухаевский атындағы сыйлықты тарту етті. Абай Көшеков пен Алена Сешина түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтиже көрсетіп, мектептегі барлық шараларға белсенді түрде қатысып жүрген үлгілі шәкірттер.

 Алена Сешина, түлек:
– Мен шетелге оқуға түсуді көздеп отырмын. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы ұпай жинаймын деген үміттемін. Көп дайындалдым. Алдағы күнге айқын мақсат қойып отырмын – тілдерді оқығым келеді. Кемінде 4-5 тілді меңгерсем деймін.  

Ал Сымбат Сейітова бүгін мектеппен қоштасып қана қоймай, кәмелеттік жасқа толған күнін атап өтпек. Мамырдың жиырма бесі ол он сегіз жасқа толды.

 Сымбат Сейітова, түлек:
– Бүгін мен үшін айтулы күн. Қос мереке десем болады. Соңғы қоңырау. Әрі туған күнім. Өте толқып тұрмын. Он бір жыл бойы білім берген ұстаздарыма үлкен алғысымды жеткізгім келеді.  

Енді бұл түлектердің алдында үлкен сын тұр. Олар ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, таңдаған оқу орнына түсуді мақсат етіп отыр. Өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша  бірінші қалалық жалпы білім беретін лицей түлектері жинаған орташа балл 108,2 құрап, білім ошағы қала бойынша бірінші орынға шыққан.  

Айымгүл Әбілева