Билік

Өңір басшысының Айыртау ауданына жұмыс сапары

 

 

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен Айыртау ауданындағы агроқұрылымдардың алқаптарында болды. Мұнда өңір жетекшісі диқандармен тілдесіп, егіс науқаны басталғалы атқарылған шаруаны көрді. Айыртау жеріне сәуірде – 56, мамыр айында 35 мм жауын-шашын түсіпті. Диқандар жиналған ылғалды жоғалтып алмас үшін егу жұмыстарын екі кезекпен тәулік бойы атқарады екен. Науқанға 400-ден астам техника шығарылған. Оның 90-ы өңдеу, дән сіңіру және бораналауды бір мезетте атқаруға қауқарлы заманауи кешен. Ауданға қарасты 15 ауылдық округтан биылғы егіс науқанына 40 серіктестік пен 200-ге тарта шаруа қожалығы қатысуда. Жоспарланған 333 мың 700 га алқаптың тең жартысына тұқым себіліпті.  Кейін облыс әкімі Айыртау аудандық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар интернатында болды. Интернатта әкенің қамқорлығы мен ананың аяулы алақанын көрмеген 131 жеткіншек тәрбие алуда. Балаларға 20 білікті ұстаз бен 30 тәрбиеші сапалы білім мен өнегелі тәрбие береді екен. Серік Біләлов «20 игі іс» акциясы  аясында интернат ұжымы мен тәрбиеленушілеріне спутниктік антенна сыйлады. Ұлттық сандық телеарна желісі бойынша антенна спутник арқылы 37 отандық арнаның сигналын қабылдайды екен. Енді интернат ұжымы көгілдір экран тарататын елдегі бар жаңалықтардан құлағдар бола алады. Өнерлі тәрбиеленушілер өз кезегінде алғыстарын ән-жырмен жеткізді. Өңір жетекшісі сондай-ақ аудан орталығы Саумалкөл селосында жуырда ашылған орталық базармен танысты. 1400 шаршы метр жерді алып жатқан 2 қабатты сауда орнының сөрелері халық тұтынатын тауарларға толы. Серік Біләлов саудагерлерге жасалған жағдайлармен танысып, азық-түлік бағасын сұрап білді.  Жылқы еті – 1200, қарамал еті – 850, ал шошқа еті 580 теңгеден сатылады. Серік Біләлов базар басшылығына қол жетімді осы бағаны тұрақтандырып, азық құнын қисынсыз көтермеуді тапсырды. Кейін облыс әкімі Серік Біләлов Социлистік Еңбек Ері Тұрлыбек Әбілпейісовтің 85 жылдығына арналған салтанатқа қатысып, мерейтой иесін құттықтады.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Сіздің облысымыздың ауылшаруашылығын дамытуда қосқан үлесіңіз зор. Мемлекет тарапынан еңбегіңіз бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болдыңыз. Есіміңіз ел тарихында алтын әріптермен жазылған. Біз үшін бұл үлкен абырой. Құрметті Тұрлыбек Әбілпейісұлы, мерейтой күні сізге мықты денсаулық, отбасы амандығын тілеймін.  

Өңір жетекшісі Тұрлыбек Әбілпейісұлының иығына шапан жапты, жұбайы Мариәм апайға қамзол кигізді.
Тұрлыбек Әбілпейісовтің ерен еңбегі әр жылда лайықты бағасын алып отырған екен. 50 жылдық еңбек өтілі бар диқаншының есімі Қазақ ССР-нің  Алтын кітабына жазылды. Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Құрмет белгісі, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерінің иегері, бейбітшілікті корғау жөніндегі бүкілодақтық Конгресс пленумының мүшесі болды. Ол жеке шапқан жүйрік емес. Талайды тәрбиелеген тәлімгер-ұстаз

Нұрмұхамед Сыздықов:
Мен 32 жыл механизаторлық қызметімнің 32 жылын Тұрағаңмен өткіздім. Жерді, техниканы сүймей ешкім егін ала алмайды, маңдай теріңді сықпай, егін болмайды, соның бәрін осы кісіден үйрендім. Осы кісінің жанында жүріп, кеудеме орден медальдар тақтым. Жақсы адамдармен кездестім. Сол үшін көп алғысымды білдіремін.

Дінмұхаммед Қонаев Тұрлыбек Әбілпейісовтың ауыл шаруашылығы саласындағы еңбегін жоғары бағалап, құрметке бөлеген. Аты аңызға айналған ғажап диқан жайында одақтан бастап, республика, облыс, аудан газеттерінде қалам тартпаған журналист жоқтың қасы. Ел ағасы, халықтың ардақтысы мерейтой иесін әріптестері, жолдастары, барша Айыртау жұртының өкілдері құттықтап, зор құрметке бөледі.

Тұрлыбек Әбілпейісов,  Социалистік Еңбек Ері:
Істеушіден кемістік болмайды, айтушыдан кемістік болады дейді. Сондықтан менің дәрежемді көтеріп, атымды шығарып, айтып отырған сіздерге мың да бір алғыс білдіремін. Егемендігіміздің 20 жылдығын жақсы ниетпен қарсы алуға жазсын. Халқыма тыныштық берсін.

Тұрлыбек Әбілпейісовтен бүгінде тараған әулеті 60 адамға жетіпті. Жары Мәриам апаймен 65 жыл бақытты ғұмыр кешіп, 8 баладан 26 немере, 23 шөбере сүйіп отыр. Немересі Ақерке  ақылгөй атасына құттықтауын әнмен жеткізді. Ауданның өнер ұжымдары да 85-ке толған қарияға арнап, әннен шашу шашты.

Жеңіс Ермұқанов