Құқық қорғау органдары

Қаржы пирамидасы

 

Петропавлда оңай жолмен тез арада байығысы келетіндердің қатары қалың болып шықты. Нөсер жауынға қарамастан көп ақша беруге уәде берген кеңсе алды адамға лық толы. Фирма менеджерлері бірнеше күн бойы потенциалды ақша салушыларға көп табысқа кенелетіндерін айтып, тәтті ертегіге сендірді. Және барлығы заңды деп ағынан жарылды. Алайда  көп адамның арманын орындауға сөз берген фирма полицейлер келісімен бірден жабылып қалды. Құқық қорғау органының қызметкерлеріне ол кеңсеге кіру оңайға соқпады.

  Ермек Татваев, СҚО ІІД ҰҚКБ бастығы :
-Қаржы пирамидасын тексеру барысында олардың заңды түрде жұмыс істеп жатқанын дәлелдейтін еш құжат таба алмадық. Тіпті бухгалтерлері де жоқ көрінеді. Және ақша салушылар тізімін бере алмады.

Солтүстікқазақстандық ақша салушылар үшін алты касса жұмыс істеген. Бірақ олардың бірінен де ақша табылмады. Ал келген клиенттер болса, жай кеңес алып жүр едік дегенді айтты. СҚО Әділет департаменті қызметкерлерінің айтуынша,  петропавлдық «МММ» есептік тіркеуін баяғыда тоқтатқан екен. Себебі көптеген заң бұзушылықтар анықталған. Әзірге қаржы пирамидасының жұмысы тоқтады.  

Гүлден Сәрсенбаева