Ауыл шаруашылығы

Егіс науқаны ортасына жақындады

 
«Астраханское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Владимир Зимин бүгін аса көңілді. Бірнеше сағатқа техниканың барлығын қаңтарып, жұмысшыларын үйіне таратты. Бір түнде 10 миллиметрден аса ылғал түсіп, қара жер иленіп -ақ қалды. Дәл тұқым себердегі бұл жауын барлық облыс диқандарының көңілін көтеріп тастаған. Шаруашылық үстіміздегі жылы 5 мың гектардың 3,5 мыңына бидай сеппекші. Егісті сәтті бастауға облыстағы науқанға дайындық жұмыстары ерекше әсер етті.

Владимир Зимин, «Астраханское» ЖШС директоры:

 

 

– Жанар-жағар май уақытылы жеткізілді. 200 тонна бізге жыл соңына дейін жетеді. Тұқымымыз толық 1-2 класты. Биыл «Азық түлік корпорациясы» арқылы қаржыны тез, әрі уақытында алдық.

Шаруашылық биыл жем- азық үшін біржылдық шөпті де молырақ сеуіпті. Соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруді қолға алған серіктестік осыдан бірнеше күн бұрын қазақы ақбастың 50 шақтысын Шығыс Қазақстан облысынан әкеліпті. Барлығына екпе жұмыстарын жүргізіп, жайылымға шығарды. Жауған жауынның арқасында нан да, шөп те мол болады дейді шаруашылық басшысы.  Өткен жылғы құрғақшылықтың азабын көп кешкен диқан қауымы үстіміздегі жылғы егіске қорқынышпен жетіп еді. Сондықтан болар, облыста ылғал сақтау жұмысы да ертерек қолға алынды. Жанар-жағар май да уақытылы жеткізіліп, облыстағы бар техника егіске шықты.
Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары науқанды ай соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Нұрлан Биболаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:

-Соңғы жауын пайдасын тигізіп жатыр деп ойлаймыз. Істелініп жатқан жұмысқа кедергісі жоқ. Жоспардағы межелі уақытта аяқтаймыз.

Ал егіс аяқталысымен мемлекеттік субсидияны бөлу де басталады.

Нұрлан Биболаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:

-Мемлекеттен қаражат алуға барлық шаруа қожалықтары егіс біткен соң арыз өткізеді. Аудандар 2 күнде қарап , субсидия бөлуге дайын.  

Бидай үшін бөлінген 3 миллион 930 мың гектар жердің 40 пайызына дән сіңірілді. Бұл жұмыс бойынша Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев, Есіл аудандарының агроқұрылымдары алда келеді. Сондай-ақ, 313 мың гектарға майлы дақыл себу, 27 мың гектарға картоп, 100 гектарға көкөніс отырғызу жұмыстары да аяқталуға жақын.

Әсем Рахметова