Билік

Бағаның ретсіз өсуіне тосқауыл қойылады

 

Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков еліміздегі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша кешенді шаралардың жобасын таныстырды. Осы орайда үш негізгі мәселе қарастырылып отыр. Біріншісі, өңірлерде азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыру қажет. Екіншісі, жеміс және көкөніс өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтарын қосымша құн салығынан босатуды қарастырады. Ал, үшінші бағыт әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне байланысты халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне жәрдемақы төлеу.  Азық-түлік тауарларының  бағасын  тұрақтандыруға әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары тартылады. Кәрім Мәсімов оларды қорландыру үшін әр облыс өз қазынасынан 200 млн. теңгеден қаржы бөлуі қажет деді. Аталған жобаға қатысты Премьер-Министр барлық облыс әкімдерінің пікірлерін тыңдады.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Бұл ұсыныстармен келісеміз. Қазір қаржы жағын қарастырып жатырмыз. Жеміс-көкөніс өнімдерін өндіруші, сатушыларды есептелінген қосымша құн салығынан босату туралы ұсыныс дұрыс деп ойлаймын. Жаңа коммуналдық базарларды салу әсіресе СҚО үшін өте қажет. Бәсекелестікті қамтамасыз етеді. Тұрақтандыру қорын басқару үшін әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорацияларының еншілес компанияларын құрудың пайдасы зор. Жеміс-көкөніс сақтайтын орындарды тұрғызып, ескілерін жөнге келтіруге әзірміз.

Үкімет басшысы облыс әкімінен көктемгі егін себу науқанының барысы жайлы да сұрады.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
азір егін себу науқанын 40 пайызға аяқтадық, майлы дақылдар мен картоп отырғызу жұмыстарын тәмамдауға жақынбыз. Жеміс-көкөніс отырғызуды 70 пайызға орындадық. Бұл бағыттағы жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр.

Кеңесте мұғалімдердің біліктіліктерін арттыруға байланысты жаңа бағдарлама таныстырылды. Құжат білім беру саласындағы әлемдегі ең озық тәжірибелерді ұштастыра отырып жасалған. Бағдарлама педагог мамандарды даярлайтын сапасыз оқу орындарын қысқартып, мұғалімге деген талапты күшейтуге бағытталған. Білімін ұдайы жетілдіріп, талап үдесінен шыққан мұғалімнің еңбекақысы үлкен болады. Сондай-ақ электрондық білім беру де дамиды.  

 

Дана Ғизатова