Спорт

Жаппай жүгіру акциясы

 

 

 

Жаппай жүгіру додасы 1000-нан астам солтүстікқазақстандықты жиды. Денсаулық акциясына салауатты өмір салтын ұстанатын кәсіпқой  желаяқтармен қатар әуесқойлар қатысты. Спорттық шараны қолдаушыларға облыс әкімінің орынбасары Фархат Қуанғанов сәттілік тіледі.  

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Құрметті спорт сүйер қауым,  баршаңызды ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған олимпиада күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тың әлеуметтік саясатының негізгі бағыттарының бірі ұлттың денсаулығын нығайту болып табылады.
Біздің облысымызда 120 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Меніңше осындай шара спорт сүйерлер қатарын кеңейтуге, бұқаралық спортты дамытуға үлкен әсерін тигізеді.
 
Жеңіл атлетикалық жүгіріс бір мезетте әлемнің 200-ден астам елдерінде өткізілді. Петропавлдық жаппай жүгіру додасы Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішінен бастау алды. Мәре сызығын бірінші болып мүгедектер, мемлекеттік қызметшілер мен спорт ардагерлері кесті. 70-ті желкелеген Владимир Юсупов сүйікті әуестігін әлі тастамапты. Спорт сүйер әр таңын денесін сергітетін жаттығулардан бастайды екен.

 Владимир Юсупов, спорт ардагері:
-Бүкіл солтүстікқазақстандықтар, қала тұрғындары спортпен шұғылданыңдар.
Спорт ол өмір. Әрбіріміз өмір сүргіміз келеді ғой. Өзім көп жыл спортпен шұғылданамын.  

Келесі лекте Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен Абай және Пушкин ескерткішіне М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ұжымы бет алды.

Жанбек Исатаев,  М. Қозыбаев атындағы СҚМУ дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушысы:
 –
Салауатты өмір салтын ұстайтын университеттің 300 ден астам мұғалімдері, студенттері барлығымыз қатысып, қалғандары да жүгірсін, спортпен айналыссын, болашақта спортшылар көбейсін деп қатысып жатырмыз.  

Сондай-ақ денсаулықты шыңдайтын игі шараға үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, мектеп, орта кәсіптік оқу ордаларының ұстаздары мен оқушылары, өнеркәсіп ұжымдары тартылды. Әскери институттың курсантары да акциядан шет қалмапты.

Дәурен Кенжеғалие, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:
– Бұл шараның жастардың денсаулығын жақсартуға пайдасы зор.
Маскүнемдік пен есірткі затынан аулақ болуға үндейді. Шараны әскери институттың курсантары қолдап отыр. Ұйымдастырушыларға рақмет айтамыз.  

1200 метрлік қашықтық бағындырылды. Барлық спорттың бастамасы саналатын жүгіру додасын қолдағандарға халықаралық олимпиада комитеті президентінің қолы қойылған сертификаттар табыс етілді. Шара өңіріміздің өнер ұжымдары мен кәсіпқой спортшылары ұсынған мерекелік концертке ұласты.

Жеңіс Ермұқанов