Құқық қорғау органдары

Телефон бұзақысы – болашақ медик

 

Мамырдың 19-ы күні медицина колледжінің ғимараты толық қоршауға алынып, 2 сағат бойына қауіп алаңына айналған болатын. Оқу мекемесінде таңғы сағат 10 жарымнан оқу үрдісі толық тоқтатылып, 300-ге жуық адам сыртқа шығуға мәжбүр болды. Жалған ақпармен оқиға орнына полицейлер, төтенше жағдай, ұлттық қауіпсіздіқ департаментінің қызметкерлері, жедел жәрдем келген болатын. Ал сол уақытта мұның бәріне себепші болған студент басқалармен бірге жайбарақат сырттан бақылап тұрған екен. Мұндай заңсыз әрекетке баруға ненің түрткі болғаны полицейлер үшін беймәлім. Дегенмен, қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі туралы жалған хабарлау» жөніндегі 242- бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Ермек Тәттібаев, СҚО ІІД ҰҚҚКБ бастығы:
-Бұл жыл басынан жарылғыш зат қойылды деген жалған хабар берудің үшінші фактісі. Қоңырау шалған адамдардын бәрі анықталды. Олардың біреуіне қатысты қозғалған қылмыстық іс қазіргі кезде прокуратура қарауында, қалған фактілер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Жүздеген адамның зәресін қашырып, оқу үрдісін тоқтатқан студент осы сәтсіз қалжыңы үшін ірі көлемде айыппұл төлеп қана қоймай, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 Кәусар Аяпбергенқызы