Білім

Мемлекеттік басқару академиясы шақырады

 

 

 

 

ҚР Президенті жанындағы академия мемлекеттік басқару саласының бәсекеге қабілетті мамандарын даярлайды. Бүгінде академия тыңдаушыларының жетпіс бес пайызы республикалық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен білім алуда. Айту керек, мемлекет олардың оқуын ғана төлеп қоймай, соңғы жұмыс орнындағы жалақысы көлемінде стипендия береді. Тағы бір маңызды жайт, академияда оқыған екі жылда мемлекеттік қызметшінің жұмыс орны сақталады. Ал ең бастысы, академия тыңдаушыларының көпшілігі қызметінде жоғарылау мүмкіндігіне ие болады дейді оқу орнының мамандары.

Сапар Шәмшиев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының маркетинг және PR қызметінің жетекшісі:
-Академияны бітіргеннен кейін тыңдаушылардың қызметінде әрі қарай өсу мүмкіндігі мол. Оқу орнын тәмамдаған әрбір 10-шы түлек саяси қызметті немесе оған теңестірілген лауазымдарды иеленеді. Жыл сайын шамаман тыңдаушылардың 30 пайызы қызметінде жоғарылайды. Академияның 90-нан аса түлегі Қазақстан Республикасының судьялары болып тағайындалды.

Әрі мемлекеттік қызметшілер әлемнің озық жоғары оқу орнындарында біліктіліктерін арттыру мүмкіндігіне ие. Бұл олар үшін үлкен тәжірибе. Алдағы оқу жылына мемлекет 140 грант бөліп отыр. Бұған қоса халықаралық стипендиялық бағдарлама аясындағы 30 грант бар. Ал тегін оқуға түсе алмағандар ақылы негізде білім алу мүмкіндігіне ие. Оның құны жылына – 500 мың теңге.

Сапар Шәмшиев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының маркетинг және PR қызметінің жетекшісі:
– Академияға түсу үшін екі емтихан тапсыру керек. Ең алдымен талапкерлер шетел тілінен тест тапсырады. Сынақ ағылшын, неміс немесе француз тілдерінен өтеді. Бұдан кейін мамандығы бойынша ауызша емтихан тапсырады.

Өткен жылы мемлекеттік басқару академиясына біздің облыстан бар болғаны жеті адам ғана оқуға түскен. Сондықтан биыл өңірлерде арнайы таныстырылым өткізілуде. Жиынға мемлекеттік органдардың кадр қызметінің мамандары қатысты.  
Құжаттарды қабылдау шілденің бірі мен отызы аралығында жүреді. Ал тамыздың бірінен емтихандар басталады.

Айымгүл Әбілева