Мәдениет

Петропавл сахнасында – «Пер Гюнт» және «Алеко»

“Пер Гюнт” операсының бірінші көрінісі шынайылығымен көрермендерді бірден жаулап алды. Композитор Эдвард Григ жазған жеңіл музыка, балериналардың әсем қимылы тәнті етпей қоймайды.
«Пер Гюнт» пьесасын Генрик Ибсен 19 ғасырда жазған. Оқиға Норвегияда өтеді. Басты кейіпкер – бір кездері бай, аса сыйлы болған адамның ұлы – Пер қызық іздеп саяхатқа шығады. Тау патшасы, шығыс сұлулары, Пердің сүйіктісі Сольвейг. Операның әр оқиғасын көрермендер пьесаның басты кейіпкерлерімен бірге бастан кешіреді.

Айна Мамрина, Ақмола облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі:
Біздің облыста опера және балет жанрлары жақсы жолға қойылған. Солтүстікқазақстандық әріптестеріміз біздің ұсынысымызды қуана қабылдады. Жыл басынан дайындалдық. Бүгін бірлескен еңбегіміздің жемісін көріп отырсыздар.

Юрий Колчин, Солтүстік Қазақстан камералық хорының көркемдік жетекшісі :
Аз құраммен ойнай алмаған туындыларды бірге жасап жатырмыз. Бұл шеберлігімізді шыңдай түсуде үлкен тәжірибе болмақ.  

Бұл күні солтүстікқазақстандық көрермендер тағы бір тамаша туындының куәсі болды. Ақмола және Солтүстік Қазақстан филармониялары мен біздің облыстың камералық хоры Сергей Рахманиновтың “Алеко” операсын ұсынды.

Людмила Багапова, Ақмола облыстық филармониясының директоры:
“Алеко” әдеттегідей біз көріп жүргендегідей емес, қазіргі заманға сай етіп жасалды. Бұл туынды Астана және Алматы қалаларында қойылды. Петропавл – үшінші қала.  

Қойылым сонылығымен ерекшеленеді. Оқиға театр сабағында өтеді. Актерлер көрермен қауымның көз алдында костюмдерін киіп, беттеріне грим салады. Осылайша, опера басталғанша-ақ сахнадағы көрініс жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды.
Опера сюжеті бойынша  Алеко жүрегін басқаға сыйлаған әйелі Земфира мен оның сүйіктісін ақыр аяғында өлтіріп тынады. Земфираның партиясын Анастасия Меденникова орындады. Филармонияға келгелі бұл оның алғашқы басты рөлі екен.

 Анастасия Меденникова, Ақмола облыстық филармониясының әншісі:
Опера мен үшін қызық. Бұл менің сүйікті жанрым десе де болады. Земфираның партиясын орындау бақыты маған бұйырғанына өте қуаныштымын.  

Петропавл театрларының сахнасында опера сирек қойылады. Сондықтан өнерсүйер қауымның бұл кештен ұмытылмас әсер алып қайтқаны даусыз.

Қайырлы Ғафуров, “Есіл” қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– Алда екі облыстың қазақ халық аспаптары оркестрінің осындай шығармашылық кешін көрермендерге ұсынамыз деген ой бар.

Ал мамырдың 26-сы “Пер Гюнт” пен “Алеко” операларын екі өңір филармониялары мен камералық хор әртістерінің орындауында көкшетаулық көрермендер тамашалайтын болады.

Айымгүл Әбілева