ТКШ

ТКШ жаңғырту

 

Геннадий Таранин төрағалық ететін пәтер иелері кооперативіне Мир көшесі бойындағы 7 үй кіреді. Бұл 5 қабатты тұрғын үйлердің іргесі қаланғанына жарты ғасырдай уақыт өтіпті. Пәтер иелері жыл сайын күштері жеткенше әбден тозған баспананың тесіктерін жамап, азды-көпті жөндеуден өткізіп тұрады. Шамаларынша су мен жылу таратқыш бойлерді жаңартып алыпты. Ауланы жұмылып көгалдандырып, балалар алаңқайын тұрғызған. Ал толықтай күрделі жөндеуді талап ететін тұрғын үйді жаңартып алуға мұршалары келмейтін көрінеді. Баспана иелері негізінен зейнет жасындағы аға буын өкілдері. Сондықтан оған қажетті қомақты соманы жинау мүмкін болмай отыр.

 Геннадий Таранин,  “Мир 238-240”  ПИК төрағасы:
– Мен бұл үйлерге 12 жыл бойы төрағалық етіп келемін. Биыл қабылданған “Тұрғын үй шаруашылығын жаңарту” бағдарламасы бізді қуантпай қоймады. Шатырымыз әбден ескірген, суағарларды ауыстырып, подъездерімізді, үйдің қас бетін сырлайтын кез келді. Қабырғалардағы плиталардың қосындысы ашылып жатыр. “Биылғы қыста “тепловизор” құрылғысы біздің үйлердегі жылу сақталмай далаға кетіп жатқанын көрсетті. Сондықтан оны қалпына келтіру керек.   

Ойын жүзеге асыру үшін Геннадий Таранинге алдымен тұрғындармен ақылдасып, атқарылатын жұмыстың сметалық жобасын құрып, тапсырыс беру қажет. Баспана иелерінің көпшілігі жаңашылдықты қолдап отыр. Олар атқарылған шаруаның несиесін өтеуге дайынбыз дейді.

Төлеген Сауытбаев:
– Біздің күшіміз жетеді, жөндеу жасау керек.

Әзірге Геннадий Тараниннің қарауындағы Мир 238, 240, 244-ші мекенжайының тұрғындары бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып қалуға келісімдерін беріп отыр.

Жеңіс Ермұқанов