ТЖ

Телефон бұзақысының әлегі

 

 

Сағат 10:36-да Төтенше жағдай қызметіне белгісіз біреуден Петропавл медицина колледжінде жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына дереу полицелер, төтенше жағдай және жедел жәрдем қызметтері жөнелтілді. Тәртіп сақшылары бірден мекеме маңайын қоршауға алып, қауіпсіздік шараларын жүргізе бастады. Оқу орнының ғимаратынан 300 адам қауіпсіз жерге шығарылды. «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің мамандары және кинологтар жарылғыш заттарды іздеуге үйретілген қызметтік иісшіл иттермен тексеріс шараларына кірісті.  Екі сағат жүргізілген тексерістен кейін ақпараттың жалған болғаны анықталды. Құтқарушылар жұмыс орындарына таратылып, студенттер оқуларын жалғастырды.

Қанат Жолдаспаев, СҚО ІІД-нің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің командирі:

-«Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің мамандары барлық оқу сыныптарын, кабинеттерді, подвал мен шатырды, ғимарат маңын тексеріп, өтті. Нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ .

Қазіргі кезде Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері қалжыңдаған азаматты іздестіруде. Ұсталғаннан кейін ол адам ҚР  Қылмыстық кодексінің  242-бабы бойынша жауапқа тартылады. Бұған сәйкес тәртіп бұзушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылып немесе ірі көлемде айыппұл төлейді.

 Айдана Демесінова