Мәдениет

Өнерге әркімнің-ақ бар таласы

  

 

 

 
Байқауды саңыраулар қоғамының әнұраны ашты. Бұл қоңыр әуен залға жиналғандарды тебірентіп, тіпті кейбір жанның көзіне жас әкелді. Жауапты сынға түскен азаматтарды облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтады. Өңіріміздің намысын қорғаған Ақнұр Әубәкірова бірінші болып өнер көрсетті. Сахнаға шыққан мезеттен-ақ нәзік жан тыңдармандардың жүрегіне жол тапты. 2-сыныптан ән мен биге қызығушылық танытып жүрген қыз әсем қимылдарымен жиылғандарды таң қалдырды.
Бойжеткен байқауда жеңіске жететініне сенімді. Биіктерді бағындыру үшін ол бір сәт дайындықтан қол үзген емес.

 Ақнұр Әубәкірова, байқауға қатысушы, Петропавл қ.:
– Бұл фестивальге қатысып отырғаныма қуаныштымын. 2009 жылы Тараз қаласында би ұжымдары арасында өткен байқауда бас жүлдеге ие болдық. Осы жарыста да бағым жанса екен деймін.

Төлеген Кенжебаев Талдықорған облысынан бағын сынау үшін келді. Дарынды жас “Елім-ай” әнін орындады.  25 жастағы жігіт бұрын да осындай шараларға қатысып, жүлделі орындарды еншілеген. Алайда бас жүлдені ұтып алу әзірге бұйырмапты.

Төлеген Кенжебаев, байқауға қатысушы:
– Мен өзім кішкентай кезімнен ән салып келе жатырмын. Бұрыннан бері дайындалып жүрмін. Қазір Петропавл қаласына келіп, өз өнерімді көрсетіп, 1-ші  жүлделі болуға үміттенемін.

4-республикалық байқау биыл алғаш рет Петропавлда өтіп отыр. Дәстүрлі шараға 14 облыс және Астана мен Алматы қалаларынан 44 үміткер келген.

Василий Мироняк, “Қазақ саңыраулар қоғамы” ҚБ СҚО филиалының төрағасы:
– Бұл байқауға қатысушылар естімейді, дегенмен олардың әні шын көңілден шығады. Мұнда бастысы ым-ишарат арқылы тыңдармандарға әннің мазмұнын жеткізу. Осы байқау арқылы есту мүшелерінде мүкістігі бар жандардың талантын ашып, олардың белсенділігін арттырғымыз келеді.

Байқау жеңімпаздары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Айдана Демесінова