Қоғам

Ауылдағы ұлттық-мәдени орталықтармен байланыс

Ынтымаққа негізделген ұлтаралық қарым-қатынас Қазақстан үшін басты құндылыққа айналғалы қашан?! Елдегі Ассамблея мен ондағы ұлттық бірлестіктер жыл өткен сайын нығайып, шетелмен де екіжақты тиімді байланыс орнатып үлгеріпті. Бір өкініштісі, мұндай әріптестіктен ауылдық жерлер шет қалып қойған екен. Бүгінгі жиынның мақсаты – сол олқылықтың орнын толтыру.

 

Сағындык Салмұрзин, «Ұрпақ» қазақ мәдени-ағарту орталығы ҚБ атқарушы директоры:
– Біз Ресейдің Қорған қаласындағы башқұрт бірлестігімен үнемі байланыстамыз, олар қазақтың қымызына қызығып, оның жасалу тарихы жайлы сұрастырады. Біз бар білгенімізді оларға жібердік. Енді ресейліктермен осындай қарым-қатынаста болған соң, өз арамызда неге берік байланыс орнатпасқа.

Бейресми кездесуге Қызылжар, Мамлют, Жамбыл, Есіл, Тимирязев және Шал ақын аудандарындағы бірлестіктер  мүшелері жиналды. Әңгіме барысында оларға әдістемелік көмек пен ақпараттық қамсыздандыру жөнінен жан-жақты қолдау көрсетілетіні сөз болды. Қызылжар ауданында ешбір көмексіз 23 жыл бойы «Мақсат» қазақ мәдениеті клубына жектекшілік етіп келген Сақып Құсайынованың ісі көпке үлгі бола алады.

 Сақып Құсайынова, «Мақсат» қазақ мәдениеті клубының жетекшісі:
– Балаларға экскурсия жүргізем. Киіз үйде қай нәрсе қай жерде тұрады, кім қайда отырады. Осындай мағлұматтар берем.
 

Тек өкінішке қарай, көп жыл бойы тірнектеп жинап, өз қолымен жасаған ұлттық бұйымдарын Сақып апа ешкімге сеніп тапсыра алмаймын дейді. Кей құнды заттарын ол жақында мұражайға бермек. Ал басқа бірлестіктер үшін  бұл бағыттағы жұмыс керісінше қарқын алмақ.

 Кәусар Аяпбергенқызы