Мәдениет

Мұражайдағы мерекелік кеш

Халықаралық мұражай күнін тарихи-өлкетану мұражайының ұжымы биыл 4 жыл қатарынан ауқымды мәдени бағдарламамен атап өтуде.

 

Биыл да мұнда келген әр қонақ таңдайын қақпай кетпеді.

Жансұлу Оспанова, тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Кіре берісте ғажайыптар орындалатын лавка тұр, сонымен қатар өздері қолөнер туындыларын жасап, өздерімен әкете алады.  

Табиғат залында балалар өздеріне жақсы таныс және сирек кездесетін аң-құстарды көріп қана қоймай, сатып алып жатты. Ойын алаңы да осы жерде жайылыпты. Тілектер орындалар ғажайып кешке Эрик Шарафутдинов екі ұлын жетектеп,  арнайы келіпті. Өте ұнады, тағы келеміз,-   дейді Сандрия мен Рауф.  Археология залын да мұражай қонақтары қызыға аралады. Мұндағы жәдігерлер негізінен оларға таныс. Алайда ежелгі адам кейпіне еніп көру әлі ешкімге бұйырған емес.

Сырым Сағадиев:
Мұражай маған өте ұнады, мен бұрынғы адамдар сияқты ағашты бұрадым.

Ал қола дәуіріне аттану үшін мына жерге кіру қажет. Мұндағы ең ерекше экспонат ежелгі ойшыл деп аталатын мүсін. Аңызға сенсек, оның тура көзіне қарап, қолмен ұстаған адамның бар тілегені орындалады. Бұл жәдігер Солтүстік Қазақстан жерінен табылыпты. Бірінен соң бірі еліктіріп әкететін залдардың келесісі қазақтың ұлттық құндылықтарын әйгілеп тұр. Мұнда халықтың жайлаудағы көшпелі өмірі жайлы біліп, мәдениетімен етене танысуға болады. Ал оны жақсы білетіндер білімін дәлелдей алды.

Нұржамал Бәйтенова, тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері:
– Суретте салынған жайлауды тиісті заттармен толықтыру қажет. Мысалы киіз үй, жайылымдағы малды қоюға болады. Осылайша нағыз жайлау пайда болады.  

Ескі романстардың әуені мерекенің ең сәнді сәтіне айналды. Бұл тамаша әуезді петропавлдықтар 17-19 ғасырлар залында тыңдай алды. Көңілді толқытып, жанды жүз түрлі күйге бөлейтін ән мұражайдың сыртында да әуеледі. Жеті ішекті аспап пен скрипканың қосылған үні қасынан өткен әр қалалықты еріксіз жадыратты.

Кәусар Аяпбергенқызы