Билік

Депутаттық фракция отырысы

 

 

 

 

Өңірде медициналық қызмет сапасын арттыру бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Анатолий Ко баяндады. Аталған жүйеге қазіргі заманғы технологиялар енгізілуде. Медициналық мекемелерді озық үлгідегі қондырғылармен жабдықтауға үлкен көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытқа қомақты қаражат бөлінуде. Баяндамашы әлеуметтік маңызға ие аурулармен күресіп, алдын алуға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
– Біз туберкулезбен күресу үшін өңірлік жүйе әзірлеуге мәжбүр болдық.
Ол денсаулық сақтау министрлігімен келісілді. Біз халықтың барлық жастағы тобымен жұмыс жасап жатырмыз. Туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінің барына  байланысты облысты төрт бөлікке бөлдік.

Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі бар қызметті тәртіпке келтіріп, жеңілдету бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл үшін қалада арнайы диспансерлеу стандарттары әзірленген. Кездесуде кадр тапшылығы мәселесі талқыланды. Бұл түйіткіл әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келеді.

Анатолий Мишин, “Нұр Отан” ХДП депутаттық фракциясының төрағасы:
Екінші, үшінші емханаларда кадр жетіспеушілігі байқалады. Жалпы қала бойынша қырық бес, облыс көлемінде жүзден артық маман қажет. Бұл өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта қандай шаралар атқарылып жатыр?

Анатолий Ко, СҚО денсаулық сақтау басқармасының бастығы:
– Астана қаласында біз 76 келісім жасадық.
Медициналық академияда 32 студентті оқытып жатырмыз. Қысқасы, бұл мәселені шешу үшін тиісті шараларды қолға алдық.  

Кездесуде сонымен қатар балалар өлім-жітімін азайту, облыс орталығындағы зертханалардың жағдайы, емханалардағы кезек мәселесі де сөз болды.

Айымгүл Әбілева