Спорт

Жаппай жүгіру акциясына әзірлік

 

 

 

 

Жаппай жүгіру мамырдың 21-інде сағат 11-де Қарасай мен Ағынтай батырлардың ескерткішінен бастау алады. Жеңілатлетикалық шараға қатысушылар Қазақстан Конституциясы көшесінің бойымен Абай және Пушкин ескерткішіне дейін жүгіріп өтулері тиіс. Осылайша сөреден мәреге дейін 1200 метрлік қашықтық бағындырылмақ. Барлық спорттың бастамасы саналатын жүгіру додасы халықаралық олимпиада күні аясында ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылады.

 Асылбек Тоқбаев, Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы:
– Олимпиада күні 1948 жылдан бастап 200-ден астам елде өткізіліп келеді. Қазақстанда бұл іс-шаралар Алматы мен Астана қалаларында ғана өтетін. 2010 жылдан бастап Республиканың барлық облыстарында өткізіліп отыр.  

Бұл күні бір уақытта 1000-нан аса солтүстікқазақстандық жүгіреді деп күтілуде. Спорттық акцияға салауатты өмір салтын ұстанатын кәсіби желаяқтармен қатар әуесқойлар қатысады. Сондай-ақ денсаулықты шыңдайтын игі шараға мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері,  мектеп,  орта кәсіптік және жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен тәрбиеленушілері , өнеркәсіп ұжымдары тартылмақ.

Асылбек Тоқбаев, Петропавл қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы:
– Бұл жарысқа барлық қалалықтарды шақырамыз. Бұл жарыс Елбасының жолдауында көрсетілгендей бұқаралық спортты дамыту мен насихаттау,  жастарды, жасөспірімдерді темекі, есірткі тарту және арақ ішуден аластату мақсатында жүргізіліп отыр.  

Жаппай жүгіру акциясын қолдағандарға халықаралық олимпиада комитеті президентінің қолы қойылған сертификаттар табыс етіледі. Шара өңіріміздің өнер ұжымдары мен кәсіпқой спортшылары ұсынатын мерекелік концертпен жабылады.

 
Жеңіс Ермұқанов