Билік

СҚО делегациясының Түмен облысына сапары аяқталды

 

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов бастаған солтүстікқазақстандық делегацияны түмендіктер нан мен тұзбен қарсы алды. Солтүстік Қазақстан мен Түмен облыстарын тек ортақ шекара ғана емес, ұзақ жылдарға жалғасқан ынтымақтастық қарым-қатынас байланыстырған. Ресейден көлік, металлургия өнімдері, мұнай мен газ келеді. Біз өз кезегімізде астық пен азық-түлігімізді жөнелтеміз. Қазақстандық әріптесін қарсы алған Түмен облысының губернаторы Владимир Якушев екі өңірдің әлеуметтік – экономикалық даму бағытының ұқсастығын, әсіресе ауыл шаруашылығындағы жаңашылдықтарда ортақтық бар екендігін атап өтті. Солтүсткқазақстандық делегация алдымен «Яровское» жауапкершілігі шектеулі қоғамында болып, шаруашылықпен танысты. Бұл жерде «Француз Лимузині» атты асыл тұқымды қара мал өсіріледі. Шаруашылыққа Франциядан алдымен 2003 жылы 119 бас тайынша жеткізіліпті. Бірнеше жылда барлығы 223 лимузин келген. Осы уақыттан бері 775 бұзау өсірілген. Қоғам директоры Виктор Связиннің айтуы бойынша, бүгінде шаруашылықта 351 бас мал бар. Шаруашылықтағылар шетелдік малды бағудың да қыр-сырын меңгеріп жатыр. Өткен жылы әр төл тәулігіне 655 грамм қосса, бүгінде бұзаулар төрт айдың ішінде күн сайын 999 грамм салмақ жинайды.

 Виктор Связин, «Яровское» ЖШҚ директоры, Түмен облысы, Қазан ауданы:

Бүгінде ауданда 350 бас мал бар. Өткен жылы құрғақшылық болды да, малды өзге шаруашылыққа қыстауға бергенбіз. Күзге дейін мал басы 600-ге жетеді деп отырмыз. Биыл біржылдық шөпті көбірек сеуіп жатырмыз. Бұл тұқым тамақты жақсы жейді.  

Делегация Қазан ауданындағы тағы бір мал кешенінде болды. «Агрокомплекс Маяк» жабық акционерлік қоғамы Ресейде жүзеге асып жатқан «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» ұлттық жобасына қатысушы шаруашылық. Сүтті мал өсіруге бағытталған кешен 1200 бас сауын сиырға шақталыпты. Мұнда шетелдік селекцияның нәтижесі гольштиналар мен симментальды тұқымдар жеткізілген. Шаруашылықтағылар мал бағудың да үздік технологияларын қолдануда. Сиырлар еш байлаусыз  жүр, автоматтандырылған сауу залы сапалы сүт алуға мүмкіндік береді- дейді агрокешеннің бас директоры Владимир Ташланов. Тайыншалар туралы ақпаратты кабинеттен шықпай-ақ біліп отыруға болады. Бұл әдіс те қонақтарға көрсетілді.  Бұндай кешен біздің облыста да бар. «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігі, «Тайынша -Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де сүтті мал өсіруді қолға алған. Ал мұндай кездесулер кезінде тәжірибе бөлісу мүмкіндігі туады.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

-Бұндай шаруашылықтарда 5-10 мың бас мал ұстаудың қажеті жоқ. 500 бас жеткілікті. Жалпы мал шаруашылығы бір жылдың жұмысы емес. Әрине, бастауы бар. Сондықтан бүгінгі заман талабына сай технологияларды игеруіміз керек.

 Владимир Якушев, Түмен облысының губернаторы:

-Тәжірибеміздегі жетістіктер мен кемшіліктерді осындай кездесулерде айтуымыз керек. Біз қайталаудан сақтану үшін қазақ делегацияның проблемаларын білуіміз керек. Сондай-ақ сіздер де біз кезіккен мәселелерді білуге тиіссіздер. Кездесуде тек жақсы нәтижелермен ғана бөліспейміз. Себебі, қателегімізді айтпасақ, нәтиже болмайды.  

Күннің екінші жартысында солтүстікқазақстандық делегация Түмен облысының Заводоуковск қаласындағы «Пур-Агроук» ашық акционерлік қоғамында болды. Ет өңдеу кешенінде мал союдан дайын өнімді саудаға шығарғанға дейінгі бар кезең қамтылған. Қонақтарға зауыттың жұмысы, өнім түрлері, цехтары таныстырылды. Кәсіпорын заманауи технологияларға, соның ішінде өнімді тек мұздатылған еттен дайындауға ерекше көңіл бөлуде.
Кәсіпорында жылына 3,5 мың тонна ет өңделеді. 1,5 мың тонна жартылай фабрикаттар әзірленеді. 1 мың 300 тонна шұжық дайындалады.

 Қайырлы Едіресов,  СҚО мәслихатының хатшысы:

–  Бұл жақта шикізат жеткізу оң жолға қойылған. Тіпті мал жеткізу кестесі де жасалған. Мәселен өзгелердегі сияқты екі ай жұмыс істеп, бір ай өндірісті қаңтарып қою деген жоқ. Жұмысшыларының жалақылары 18 мың рубль. Аудан үшін өте жақсы жалақы. Президент ет экспорты мәселесін алға қойды. Сондықтан, ойланатын шаруа мол.  

Жұмыс сапарының барысында солтүстікққазақстандықтар картоп пен көкөніс өсіруші ірі кәсіпорындардың бірінде болды. Кәсіпорын Түмен облысында ғана емес, күллі Ресейдегі картоп өндірушілердің арасындағы үздіктер қатарында. Агрофирманың 30 мыңнан аса гектар жері бар. Картоптан гектарына 300-350 центнер өнім алады. Кәсіпорын тұқымдық картоп өсірумен де айналысады. Осының арқасында облысты картоппен толық қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Агрофирманың 50 мың тонналық көкөніс қоймасында өнімді ұзақ мерзім сақтау технологияларына ерекше көңіл бөлінген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Сіздер бұл сала бойынша біршама алға кетіпсіздер. Бізде 250-300-500 гектарлық алқаптар бар. Облысқа жылына 70 мың тонна картоп керек. Сіздердің бір ғана кәсіпорын біздің қажеттілігімізді өтей алады екен. Үлкен алқаптар болғаны әрине жақсы. Біздің мамандарымыз келіп, сіздердің көмектеріңізбен осы саладағы жұмысты да меңгеретін боламыз. Құнарлы жерде отырып, оңтүстік облыстардан картоп жеткізудің қисыны келмес.  

Жұмыс сапары барысында солтүстікқазақстандықтар Түмен облыстық клиникалық ауруханасы мен федералдық нейрохирургия орталығында болды. Oрталық өткен айда ашылып, бүгінге дейін дәрігерлер 13 науқасқа көмек көрсеткен. Жалпы бұл емдеу мекемесінде 3 мыңға дейін ота жасалады деп жоспарланып отыр. Ал Түмен облыстық ауруханасымен солтүстікқазақстандықтар соңғы бірнеше жылда байланыс орнатқан. Талай қазақстандық баланың жүрегіне ота жасаған аурухананың кардиология бөлімшесінің меңгерушісі әріптестік байланыстың нәтижесі жайында баяндады.

  Кирилл Горбатиков :

-Біз сіздердің дәрігерлеріңізбен  2002 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы уақыт ішінде 4,5 мың солтүстікқазақстандық баланы қабылдап, 453 -не ота жасадық. Оталардың 60 пайызы облыстық балалар ауруханасында, қалғаны Түменде жасалды. 82 -сі бір жасқа дейінгі сәбилер.

Сондай -ақ делегация Түмен облысындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен кездесіп, Менделеев атындағы облыстық кітапханада болды. Шығыс-Сібір мұнай-газ орталығын аралап, шекаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында ұйымдастырылған қазақстан-ресей іскерлік форумына қатысты. Ал екі күндік сапар соңында солтүстікқазақстандық делегация мен Түмен облысының атқарушы органдарының жетекшілері көршілес екі облыс арасында ынтымақтастық орнату туралы бірнеше келісімге қол қойды. Алдымен сауда-экономикалық саладағы байланысты нығайту келісілді. Екі облыстың сауда-экономикалық палаталары, Түмен мемлекеттік ауыл шаруашылығы академиясы мен Есіл аграрлық-техникалық институты арасындағы ынтымақтастық құжаттары қабылданды. Түмен қазақтарының ұлттық- мәдени автономиясы мен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да байланыста болмақ.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Түмен облысында көрген бірақ жақсы істерді біз өз өңірімізде жүзеге асыруға тырысамыз. Өйткені, екі облыстық табиғаты да ұқсас, агроөнеркәсіп кешенінде, машина жасау саласында ортақ істер көп.


 
Владимир Якушев, Түмен облысының губернаторы:

 – Екі жақ үшін де қызғылықты істерді қарастырдық. Екі елдің Президенттері бірыңғай Кеден одағын құру туралы шешім қабылдап, парламенттер қолдады. Осылайша экономикалық қарым-қатынасқа зиянын тигізуші біраз кедергілер жойылды. Сондықтан экономкалық байланыс дами береді деп ойлаймын.

Әсем Рахметова